Сенбі, 02 Мамыр 2020 13:39

Мақтааралда екі ауылды су басты: Ауданда төтенше жағдай жарияланған


Бүгін, 2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасындағы Орталық далалық коллекторынан (өткізу қуаты - секундына 120 текше метр) су төгіліп, Жеңіс және Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кеткен,-деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Сондай-ақ облыстық мәндегі «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» тасжолын су басқан. Көлік жүруі мүмкін емес» делінген хабарламада.

Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетейік, бұған дейін Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендерінің тұрғындары аудан орталығы Мырзакентте орналасқан Мырзакент мектеп-гимназиясына (600 орын), С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебіне (700 орын), Пушкин (400 орын), Абылайхан орта мектептеріне (500 орын) эвакуацияланып, оған 6 автобус жұмылдырылған болатын.

Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялау жөнінде тапсырма берілді

Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желілер мен егістіктерге зақым келген болатын.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

Оқылды 504 рет