Жексенбі, 17 Мамыр 2020 16:52

Төлеби ауданына көмекке келген азаматтар сел зардаптарын жоюда

Түркістан облысы, Төлеби ауданында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен сел салдарын жою жұмыстары 4 секторға бөлінген болатын. Бүгінде әр ауданнан келген азаматтар өздеріне бөлінген секторды ретке келтіріп, су кірген үйлердің ауласын тазартуда.

Мәселен, Ордабасы ауданына бөлінген Сұлтан Рабат елді мекенін зерделеу барысында 55 үйдің ауласына су кіргені анықталды. Сондай-ақ, 17 баспананың жертөлелері мен қоражайларына жиналған су, 35 үйдің аулаларына кірген лай мен қоқыс шығарылды. 400 метр арық жолдары ағаш-бұталардан тазартылып, арнасы кеңейтілді. Көше жиегіндегі шөптер орылып, 2 аялдама мен 500 метр бордюрлерге сырлау жұмыстары жүргізілуде. Орын алған жағдайды ретке келтіру мақсатында 55 адам 17 техникамен жұмыс жүргізуде. Ал, Сайрам ауданына бөлінген Сұлтан Рабат елді мекенінде 375 үйдің ауласына су кіргені анықталған. Көрші ауданның азаматтары 35 тұрғын үйдің аулалары мен жертөлелерінен 1740 текше метр су шығарып, 48 үйдің аулаларына кірген лай мен қоқысты және арық жолдарын тазартқан. Орын алған жағдайды ретке келтіру мақсатында 35 адам жұмылдырылып, 2 мотопомпа мен 6 техниканы пйдаланған.

Айта кетейік, толассыз жауған жаңбырдың салдарынан келген зардаптарды жою мен ретке келтіру жұмыстарына 400-ге тарта қызметкер тартылған. Ленгір қаласындағы «Ленгерка» өзенінің қоқыстан тазарту жұмыстарына аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсене атсалысып, өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, таулы аудандағы су тасқынына орай жарияланған төтенше жағдайға байланысты төлебиліктерге қолдау білдіру үшін арнайы қор ашылды. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы кез келген азамат қайырымдылық көмек көрсете алатын болады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 457 рет