Сенбі, 18 Қараша 2017 13:19

Оңтүстік Қазақстанда әкімнің өз ауылдасын соққыға жыққаны рас па?

Түлкібас ауданына қарасты Ақсу Жабағылының тұрғыны Асқар Қойлыбаевтың айтуынша, оны сол ауылда тұратын Майлыкент ауылдық аймағының басшысы Келесбек Жартыбаев ұлы мен күйеу баласы үшеуі тепкілепі. Тіпті аяғын күрекпен ұрып сындырған көрінеді. Ауруханада жатқан 37 жастағы жігітке дәрігерлер енді екі жылдай жүре алмайтынын айтқан. Ал әкім бұны қып-қызыл жала деп отыр. Бұл туралы «КТК» телеарнасының өңірдегі тілшісі хабарлады. 

Әкімнің жуан жұдырығынан оңбай таяқ жедім деген Асқар Қойлыбаев қазір кереуетінен де тұра алмайды. Оның анасынан қалған үйін Майлыкент әкімі Келесбек Жартыбаевтың немере қарындасы алған екен. Сол үйде қалған ұсақ-түйегімді алуға барған кезде әкім ұлы және күйеу баласымен қосылып тепкінің астына алды деп отыр. Бұған үйдің жаңа иесінің әлгі заттарды бергісі келмегені себеп болған.

Асқар Қойлыбаев, Ақсу Жабағылы ауылының тұрғыны:

Баласы кеп артымнан құшақтады да, қатты балағаттады. Мен жұлқынып кете қояйын деп едім, тура сарайдың бұрышында күрекпен баласы артымнан ұстап тұрды.  Тура тіземнен тура ұшымен ұрды әкім.

Екі апта бұрын көк ала қойдай боп таланған оның жамбасы, беті мен арқасындағы ісігі мен көгерге жерлері кетіпті. Алайда, сол тізесі сынып, сүйегінің бірнеше жерінен шруппен ғана тұрған аяғы шатақ боп тұр. Дәрігерлер екі жылдай жүруге болмайды деген. Шалғайға ауыр көлікпен жүк таситын ол енді үш баламды қалай асыраймын деп отыр. Соққыға жыққан әкім кешірім сұрамақ түгілі, әлдекімдерді ауруханаға жіберіп қорқытатын да көрінеді. Төбелестің куәсін іздеп ауылға да бардық.

-Ал, Ақсу Жабағылы ауылының тұрғындары Келесбек Жартыбаевтан өлердей қорқатын болып шықты. Өзге әкімдікті басқарса да,осында тұратын ол ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды екен. Себебі, төбелесті көрді дегендер көп болғанымен, бәрі айтуға қаймығады. 

Көке, мына жағдайды көргендер көп дедіңіз бе?

– Көп.

Бірақ, айтқысы жоқ.

 – Неге?

- Қорқады.  Қауіпті адам ғой.

 – Несімен қауіпті сонда?

– Ойбай, қолынан бәрі келеді.

Ал Түлкібас ауданындағы ең үлкен ауылды басқаратын Келесбек Жартыбаев мүлдем саспайды. Жас кезінде көкпаршы болған ол екі мәрте облыстық мәслихатқа депутат боп сайланып та үлгерген. Өмірін мемлекеттік қызметке арнаған Жартыбаев «біреуді ұрмақ түгілі жұртқа жақсылық жасаумен келем» деп отыр. Ал ауылдасы өзіне неліктен жала жапқанын түсінбейді.

Келесбек Жартыбаев, Майлыкент ауылдық округінің әкімі:

-Сөзіме жауап берем 100 пайыз.

Яғни, ұрған жоқсыз ғой.

– Жоқ, ондай болған жоқ.

– Саусағыңыз да тиген жоқ?

– Саусақ та тиген емес.

 – Жаныңызда балаңыз бен күйеу балаңыз да ұрғаны ше?

– Күйеу бала да ол жерде болмаған.

Түлкібастық тәртіп сақшылары болған жәйтке қатысты «қасақана орта дәрежедегі дене жарақатын салу» бабы бойынша іс қозғапты. Сараптама тағайындап, бірнеше куәлерден түсініктеме де алдық дейді. Алайда Асқар Қойлыбаев әкім жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Ал жұрт жұдырығы жуан деген Келесбек Жартыбаевтың өзі арымды аяққа таптады деп ауылдасын сотқа бермекші.

Оқылды 2494 рет