Сәрсенбі, 27 Маусым 2018 14:47

Шымкент: қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі интернет-конференция ұйымдастырды

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қала тұрғындарымен интернет-конференция өткізді. 22-26 маусым аралығында өткен конференцияда тұрғындардың сұрақтарына бөлім басшысы Мұхит РахматілләұлыНышамбаев жауап берді. Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында өткен конференция барысында түскен сұрақтар мен жауаптардың бірқатарын назарларыңызға ұсынғанды құп көрдік. 

А.Кенже, қала тұрғыны:

– Шымкент қаласындағы үйде бір өзім тұрамын. Жасыма байланысты үй шаруашылығын өзім атқара алмаймын. Бала-шағамның барлығы жұмыс бабымен басқа қалаларға көшіп кеткен. Маған мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметкер алуға бола ма?

Жауап:

– «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығына сәйкес, Сіздің бала-шағаңыз басқа елдімекенде тұруына байланысты қызмет көрсетіледі. Қызмет алу үшін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш білдіріп, қызмет ала аласыз.

Д.Қайсаров, қала тұрғыны:

– Бейнетінің зейнетін көріп отырған қарттарымызға қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп жатыр?

Жауап:

– Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 75175 зейнеткер бар. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 72 ардагері, 4449 тыл ардагері, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер – 878, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңістірілгендер – 1028. Сонымен қатар жекелеген санаттағы азаматтарға жергілікті бюджет есебінен санаториялық-курорттық емделуге тегін жолдамалар беріледі (Ардагерлер үйі, «Мейір», «Біркөлік», «Ақсу-Жабағалы», «Денсаулық», «Ақсу демі»). Бұған қоса 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының әр ардагеріне 240500 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді, соғыс және және тыл ардагерлеріне басылымға (газеттерге) тегін жаздырып беру жұмыстары жүргізілуде.

Б.Маратқызы, қала тұрғыны:

– Мен бұған дейін бала күтіміне шықпас бұрын жекеменшік фирмада еден жуушы болып жұмыс істедім. Мектептен кейін тұрмыс құрып, жоғары оқу орнына түсе алмадым. Маған тегін білім алуыма болады ма? Егер болса не істеу керек? Кай жаққа барып оқуға болады?

Жауап:

– Сіз Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға құжаттарыңызды тапсыра аласыз. Сонымен қатар аспаз, тігінші, шаштараз және басқа мамандықтарды тегін оқып, шәкіртақы алып (16759 теңге) және бітірген соң тұрақты жұмысқа немесе өзіңіздің кәсібіңізді ашуға мүмкіндігіңіз бар.

Н.Жаппарова, қала тұрғыны:

– Отбасымда – 3 адам, күйеуім жұмыссыз. Өзім бала күтіміндемін. Маған мемлекет тарапынан қандай көмек бар? Естуім бойынша қазір жаңадан әлеуметтік көмектің жаңа бір түрі шыққан, сол көмекке құжаттарымды тапсырсам, көмек көрсетіле ме? Қайда барып құжат тапсырсам болады?

Жауап:

– 2018 жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Көмектің түрі шартты 6 айға және шартсыз әр 3 ай сайын отбасының жағдайына қарай тағайындалады. Сіз ол үшін халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, толық мәлімет алып, керекті құжаттар тапсыра аласыз. Мекенжайы: Нұрсәт шағынауданы, Бәйтереков көшесі, №89.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 2069 рет