Жұма, 13 Шілде 2018 10:17

Шымкенттегі Қонаев даңғылын ұзарту жұмыстары тоқтаған жоқ

Шымкент қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі болып табылатын Қонаев даңғылының ұзартылатынын бұған дейін де жазған болатынбыз. Осының бастауы ретінде Түркістан моншасы бұзылып, ары қарайғы жұмыстар жүргізіле бастаған-ды. Алайда, даңғылды ұзарту жұмыстары тоқтатылыпты дейтін қауесет тараған болатын. Десе де, қала билігі бұл қауесеттің шындыққа сай келмейтінін айтып, Қонаев даңғылын ұзарту бойынша жұмыстардың жалғасып жатқандығын айтуда.

Шымкенттегі ескі моншалардың бірі болып табылатын «Түркістан» моншасы аталмыш жоба бойынша сүрілетін ең бірінші объект болатын. Және оны сүру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде аяқталған. Сонымен жұмыс тоқтағандай көрінген еді. Ел арасында қауесеттің тарауы осыған байланысты болса керек. Алайда, бұл Қонаев даңғылын созу жобасы мүлдем тоқтатылды деген сөз емес екен. Қала билігі бұл жұмыстар жалғасып жатқандығын айтуда. «Жоқ, жұмыстар жалғасуда. Бұл қала үшін өте маңызды жоба. Қазір біз мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер учаскелерінің иелерімен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің заңгері Асқар Джумышиев.

Түркістан моншасын бұзу туралы мәселе сонау 2014 жылы көтеріле бастаған-ды. Сол кездің өзінде-ақ бұл шара Қонаев даңғылын ұзарту үшін қажет деп айтылды. Сәулетшілер осы орталық көшені Ташкент қаласына апаратын айналма жолдың жанында орналасқан Ақтас шағын ауданына дейін жеткізуді жоспарлап қойған. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қала билігі «Ескі қаладағы» 73 тұрғын үйді де бұзуға мәжбүр. Түркістан моншасын қосқанда 33 үйдің иелері өтемақыларын алып қойыпты. Бұйыртса, таяу уақыттары көше ұзарып, қаланы қақ жарып өтетін болады.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1360 рет