Дүйсенбі, 16 Шілде 2018 16:47

Шымкент: Достық шағынауданындағы қоғамдық көлік мәселесі жаңа автобустар есебінен шешілуі мүмкін

Бұған салаға жауаптылардың өздері де алаңдаулы. Себебі қазір аталған шағынауданның тұрғындарын тасымалдайтын 17 б бағытындағы автобустың екеуі ғана жолда жүр. Ал қалғандарының әбден тозығы жеткен. 

Қоғамдық көлік – мұндағы жұртшылықтың талайдан бергі бас ауруы. Күні бүгінге дейін арыз-шағымын арқалап, қоғамдық көлікке жауаптыларды сан мәрте жағалап, бәрінің есіктерін қағып шыққан. Иә, халықтың жанайқайынан соң біршама шешілгендей болады, алайда көп ұзамай қайта бас көтереді екен.

Өз кезегінде достықтықтардың аталмыш бағыттағы автобустарға қатысты сын-ескертпелері де жеткілікті. Бірі көлік ішінің ластығына наразы, екіншісі кондукторлардың дөрекілігінен мезі болған. Ал үшіншісі «Қалаға жаңа автобустар келіп жатыр деп естідік. Әкім мен оның орынбасарларынан, жауаптылардан сұрайтынымыз: біздің шағынауданға қатынайьтын қоғамдық көліктерді жаңартса екен» дейді.

Ал Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев «Бұл 17-бағыт бойынша бізде тапсырма берілді. Менің жеке бақылауымда. Көлік секторының мамандары тексеріп, кеше көлік иелерімен жиналыс өткізіп, түсіндірдік. Олар уәде беріп жатыр. Егер кемшілікті жөндемеген жағдайда келісімшартты бұзамыз. Келісім бұзылған жағдайда ол автобустардың орнына келетін жаңа компания жоқ» деп отыр.

Қоғамдық көлікке жауаптылардың сөзіне сенсек, жыл аяғына дейін Шымкентке тағы жаңа 70 автобусы келмек. Егер олар қала ішіндегі өзге бағыттардан артылса, Достық шағынауданына қатынауы мүмкін. Тағы анығы, қазір шаһардағы қоғамдық көліктер паркінің 70 пайыздайы ескірген. Оларды өз бетінше жаңартуға тасымалдаумен айналысатын компаниялар қауқарсыз екен.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1217 рет