Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 16:19

Шымкент: Құбырларды тоттан сақтайтын бірегей технология пилоттық режимде енгізілмек

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен «Қуатжылуорталық-3» МКМ жетекшілері «Mitsui & Co.Moscow» компаниясының өкілдерімен кездесті. Онда компания өкілдері тот басуға қарсы «NMRPipetector» бірегей электролитикалық құрылғысын таныстырды. 

Құрылғыны жасап шығарушылардың айтуынша, тот басуды құбырларды ауыстырмай-ақ тоқтата алатын бұл құрылғы жылу энергиясының сапасын арттырып қана қоймай, құбырларды пайдалану мерзімін де ұзарта алады.«Қуатжылуорталық-3» мекемесі құрылғыны сынақтан өткізуге дайын және тәжірибе алаңын да белгіледі: жаңа 3 құрылғы ПМК-49 желілік қазандығының бөлініс шекарасында және көпқабатты 2 үйге орнатылмақ. Бұл нысандардың таңдап алынуының себебі бар: үй ішіндегі инженерлік желінің пайдалану мерзімі қалыпты мерзімнен асып кеткен (үйлер 1985 жылы пайдалануға берілген), толық жөнделмеген және құбырлары толығымен тозған.

Айта кету керек, жаңа құрылғы тотты магнетитке өзгерту арқылы құбырлардың пайдалану мерзімін кемінде 40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса құрылғы орнатылған соң ғимараттардағы судың сапасы едәуір жақсарады.

Пилоттық жоба жарты жылға жуық уақытқа созылады, осы уақыт ішінде құрылғының барлық мүмкіндігі сыналуы тиіс. Атап өтерлігі, құрылғыны сынау – тегін, құрылғыларды сатып алу жөніндегі келісссөздер тәжірибе оң нәтиже берген соң ғана басталады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1158 рет