Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 16:54

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ауызсу мәселесін шешті

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты шаһардың солтүстік батысында орналасқан «Жаңа Тұрлан» саяжайы тұрғындарының ауызсу мәселесін шешіп берді

Түнеугүні бұқаралық ақпарат құралдарында «Жаңа Тұрлан» саяжайының тұрғындары ауызсуға қолдары жетпей отырғаны айтылып, биліктегілерден көмек сұрағаны жазылған болатын. Осыған орай, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ерболат Нұрмаханов саяжайға арнайы табан тіреп, барлық жағдаймен танысқан еді. Халықпен жүзбе-жүз кездескен депутат су тартқыш құрал жөнделгенше, су таситын көлікпен қамтамасыз етуге уәде беріп, ол уәдесі орындалған болатын.

Халық қалаулысы жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қандай да бір мәселенің шешімі табылатынын, оған уақыт керектігін жеткізді. Ал ауызсумен қамтамасыз ету барысында өз тарапынан жәрдем беріп, су тартқыш құралдың қалпына келтіру жұмыстарын атқарып, жөндеп берген.
Осылайша аталған саяжайдағы 100-ге жуық үй ауызсумен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, бұл елді мекенді ауызсумен қамту алдағы уақыттарға жоспарланған. Жергілікті жұртшылық қалалық орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанға дейін ұңғыманың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1225 рет