Сәрсенбі, 25 Шілде 2018 11:53

Шымкенттің шеткері елді мекендеріне жаңа автобустар қатынай бастады

Таяуда ғана қалаға жаңа автобустар жеткізілген-ді. Міне, сол қоғамдық көліктер әлеуметтік маңызды саналатын 3 бағыт бойынша 11 шілдеден бастап жолға шықты. 

Дәлірек айтсақ, №147 бағыттағы автобустар Ақтас, Ақжар елді мекендері мен Нұрсәт шағынауданы аралығында қатынаса, №141 бағыттағы көліктер Қазығұрт пен Мирас шағынаудандарын жалғап тұр, ал №148 бағыт Шапырашты, Өтеміс, Абдулабад елді мекендерін теміржол вокзалымен байланыстырады. Таңғы сағат 7.00-ден жүре бастайтын қоғамдық көліктердің кесте бойынша аралық уақыты – 15 минутты құрап отыр. Жолақы мөлшері – 70 теңге.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, бүгінгі таңда шаһар бойынша маңызды 10 әлеуметтік бағыт айқындалыпты. Олар – №55, №141, №142, №143, №144, №146, №147, №148, №149 және №150 бағыттар. Нақтырағы, №55 бағыт – Ынтымақ шағынауданы – Ордабасы алаңы, №141 бағыт – Қазығұрт шағынауданы – Мирас шағынауданы, №142 бағыт – Текесу шағынауданы – теміржол вокзалы, №143 бағыт – Бадам-2 шағынауданы – Жабық базар, №144 бағыт – Айнатас шағынауданы – теміржол вокзалы, №146 бағыт – Жаңаталап шағынауданы – Көркем гимнастика мектебі, №147 бағыт – Ақжар, Ақтас шағынаудандары – Көркем гимнастика мектебі, №148 бағыт – Өтеміс, Шапырашты, Абдулабад шағынаудандары – теміржол вокзалы, №149 бағыт – Достық-2 шағынауданы – «Айна» базары және №150 бағытты қалалық балалар ауруханасы – теміржол вокзалы бойынша жүргізуге шешім қабылданған. 

Айта өту керек, қазір шаһардың шеткері орналасқан және жолаушылар ағымы төмен шағынаудандардың тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі саналады. Бұдан бөлек қалаға жаңадан қосылған 40 елді мекен тағы бар, оларға да жаңа автобустарды жүргізу міндеті тұр. Жергілікті билік бұл түйткілдің түйінін тарқатудың амалдарын қарастырып та жатыр. Мәселен, егер бұл бағыттардағы тасымалдаушылар нақты кірісі мен шығынын көрсетсе, оларға бюджеттен субсидия беріледі екен. Сол себепті бұл бағытқа көлік жүргізуге инвесторлар қызығушылық танытып жатқан көрінеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1091 рет