Сәрсенбі, 25 Шілде 2018 12:26

Шымкенттке биыл 300 автобус жеткізіледі

Шаһарға таяуда жаңа автобустар әкелінген болатын. Қазір солардың бірқатары қаланың орталық көшелерімен, біразы шеткері орналасқан елді мекендерге қатынап жүр. Әйткенмен жауаптылар жаңа автобустардың легі мұнымен тоқтамайтынын айтады. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің сөзіне сенсек, компания басшыларымен түзілген өзара келісімнің негізінде жаңа автобустар әзірге негізінен орталық көшелерге жіберіліпті. Бірқатары шаһардың шет ауданы саналатын бөліктеріне қатынайды. Жаңа қоғамдық көліктерді жаппай шеткері елді мекендерге жібермеуінің себептері де бар сияқты: Жолаушылар ағыны төмендеу.

«Әйткенмен жаңа автобустарды әкелу мұнымен толастамайды. Үкіметтің бағдарламасына сәйкес, қалаға биыл 300 автобус әкелу межеленген. Және ең басты жаңалық, бұл ретте мемлекеттік мекеме – бірыңғай ортақ оператор құрылмақшы. Яғни бюджеттен қаржы бөлініп, оған автобус сатып алынады. Ол автобустарды тасымалдаушыларға жалға беретін боламыз. Өйткені қазір тасымалдаумен айналысатын компаниялар өз парктерін жаңартуға қауқарсыз. Жаңа қоғамдық көліктің құны қымбат. Тарифті көтеруге мүмкіндік жоқ. Сондықтан Үкімет тарапынан жол картасы дайындалды. Бағдарлама бекітілсе, осы бағыт бойынша жұмыс істейміз. Жол картасының тағы бір тиімді тұсы – сатып алынатын автобустар отандық өндірушілерге тиесілі болуы керек», – дейді ол.

Тағы бір атап өтерлік жайт, бүгінде Шымкенттегі шағын қоғамдық көліктер біртіндеп үлкен автобустарға ауыстырылып жатыр. Қала әкімдігіндегі шенділердің айтуынша, биыл №38, №125 бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушы компаниялар бұл жұмыстарды қолға алыпты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1021 рет