Сәрсенбі, 15 Тамыз 2018 09:05

Шымкентте «Харекет» қайрымдылық қоры үшінші баспананы табыстады

Үй 11 баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты анаға берілді. Мұқтаж жандар 20 жылдар бері қалада әркімнің босағасын паналап келген. Күтпеген жерден мол қуанышқа кенелген Асанбаевтар отбасы жомарт жандарға шексіз алғыс айтуда.

«Харекет» қайрымдылық қорының ашылғанына небәрі жыл толмаса да еліміз бойынша біраз игі істі тындырып тастады. Осы уақытқа дейін қоғамдық қордағылар республика бойынша үйсіз жүрген, жағдайы мүшкіл 23 отбасына баспана сыйлап, оларды бақытқа бөледі. Міне қордың ендігі 24 үйі Шымкенттік Асанбаевтарға бұйырды. Тұрмыс тауқыметін көп көрген қам көңіл жандарға өмірдегі ең керегі баспана болатын. Себебі 2000 жылдан бері 58 жастагы Жайсанкүл апа 3 қызымен 11 немересін жетектеп басыбайлы үйі болмағасын пәтерден пәтерге көшіп әуре сарсаңды талай көрді. Жалғызбасты ананың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандығы «Харекет» қорындағыларды бей жай қарамады. Жұрт болып жұмыла қаржы жинап, аталған жанұяға жаңа болмаса да 2 бөлмелі жеке баспананың кілтін табыс етті.

Ғұмыр бойы өз үйім болса екен деген ананың арманы орындалып, шексіз қуанышқа кенелуде. Себебі ол бұрын қартайған кезімде соңымнан ерген немерелерім қаңғырып қалама деп уайымдаушы еді. Алланың рақымы түсіп енді ол қауіпінен де құтылды. Кейуана осыдан жиырма жылдай бұрын өмірлік серігімен айрылысып кетті. Ұлы жоқ. Артынша екі қызы да балаларын ертіп төркініне келіп алды. Міне содан бері бір екі отбасының балаларын өз қамқорлығына алған әйел үй -күйсіз талай қиын күндерді артта қалдырды. Буыны қатпаған кішкентайлардың еш алаңсыз ойнап, демалуы үшін жеке үйдің болғаны әрине жақсы. Жоқшылыққа үйренген балақайлар жомарт жандардың арқасында дәл бүгінгі қуанышты күні мектепке ұстайтын жаңа сөмке мен жаңа киім сатып алды.

Көмекке зәру отбасына пәтер Азат шағын ауданынан берілді. Ауласы да ат шаптырым кең. Біраздан бері қараусыз тұрғаны көрініп тұр. Қазір қоғамдық қордың еріктілері үйдің жаңа иелеріне баспананың кейбір жерлерін жөндесіп, қолғабыс етіп жүр.

Республикалық «Харекет» қайрымдылық қорының аз қамтылған отбасына берген бұл Шымкенттегі 3 үйі. Қазір осындай 100 жанұя кезекте тұр. Олардың бірқатарына қор мүшелері алдағы құрбан айт мерекесі қарсаңында баспана беруге бел буып отыр. „Көп түкірсе -көл„ демекші әрине бұл жерде ел тұрғындарының көмегі ауадай қажет. Себебі халықтың қорға аударған әрбір ақшасы қоғамдағы нағыз баспанаға мұқтаж жандарға таудай көмек екені анық.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1156 рет