Сенбі, 25 Тамыз 2018 10:06

Түркістан облысында «Қауын fest» фестивалі өтті

Жұма, 24 тамыз күні Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы орталық саябақта «Қауын fest» облыстық фестивалі өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жағыруы» бағдарламасы аясында тұңғыш рет өткізіліп отырғаy фестивальге облысымыздың аудандары мен қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар келіп қатысты.

Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігінің тікелей бастамасымен əрі қолдауымен Мақтаарал және Жетісай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды. Фестивальдің мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Еңбекші қауымның еңсесін көтеруге бағытталған фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының потенциялы жоғары екеніне тоқталды. 

— Біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына мән бергеніміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын fest» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалін, «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, — деді облыс әкімі. 

Жалпы Жетісай және Мақтаарал аудандарының ауа-райы бақша дақылын өсіруге тиімді. Бұл фестивалге аталған аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды. Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді. Фестиваль барысында келушілерге карвинг және қауын-қарбыз көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырып, бас жүлдеге «темір тұлпар» тарту етті. Шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан, қалаларынан бақша дақылдарын өсіретін ірі шаруа қожалықтары шақырылған.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1034 рет