Созақ ауданындағы Жартытөбе ауыл округінде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді
Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, 10-нан астам кәсіп түрі жолға қойылды. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауылға арнайы барып, жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұған дейін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес округ әкімі Дания Жүсіпов көршілес елдер мен өзге өңірлердің озық тәжірибелерін зерделеп, тиімді тұстарын жергілікті жағдайға бейімдеп енгізген. Нәтижесінде, кәсіп түрлері ауыл азаматтары тарапынан қолдау тауып, нақты іске айналуда.