Шымкентте бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесі өтті
Шымкент қаласында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдар жәрмеңкесі өтті. Бұл іс-шараға облыстағы алпыс шақты мемлекеттік мекемелер қатысқанын айта кетейік.
Аталмыш жәрмеңкеге өңірдегі жоғары және орта оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыздар шақырту алыпты. Қалай десек те, соңғы жылдары мемлекеттік қызметке кіргісі келетіндердің қатары артып келе жатыр. Оның бірнеше себебі бар; жалақының жыл өткен сайын көбеюі, мемлекеттік қызметкерлер үшін қарастырылған жеңілдіктердің болуы, т.с.с.
Жәрмеңкеде жергілікті және аумақтық мемлекеттік органдардағы бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде аудандық, қалалық әкімдіктердегі бос орындар да бар екен. Басты мақсат – мемлекеттік қызметтің оң иммиджін қалыптастыру, шығармашыл, жаңаша ойлай білетін белсенді жастарды мемлекеттік қызметке тарту, жұмыссыздар армиясының санын азайту болып табылады.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндердің айлық еңбекақысы 60 мың теңгеден бастап, 600 мың теңгеге дейін жетеді. Осының өзі жұмыс іздеген білімді жастарды қызықтырары сөзсіз. Оның үстіне, қызметте өсіп, карьера жасауға мол мүмкіндік ашылатыны даусыз. Жәрмеңкеге жиылған қауым осыны түсіне бастаған секілді.
«AQ-QARA.KZ – ақпарат»
- Бөлім:  Әлеумет