Бейсенбі, 20 Қыркүйек 2018 11:49

Түркістан қаласында «Күлтегін», «Алты Алаш», «Мәңгілік Ел» көшелері пайда болады

Түркістан қаласында Түркістан облысы Қоғамдық Кеңесінің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде 7 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, Түркістан қаласының дамуы туралы сөз қозғады.

«Мінеки, Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келгенімізге тура 1 ай болды. Облыс орталығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Түркістанның дамуына Елбасымыз тікелей назар аударып, көңіл бөліп отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 млн. 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін  қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал  сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында қатынайтын жүрдек пойыз, Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында автобус маршрутын ашу бойынша алдын ала Өзбекстан тарапымен келісіліп, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жолданды. Қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды. Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен  3 подстанция құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Су, газ мәселелері жедел қолға алынады. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Мен облыс кәсіпкерлерін Түркістан қаласына инвестиция салып, өз жұмыстарын жүргізуге тағы да шақырамын. Әкімдік тарапынан қолдау болады. Бас Жоспар қабылданғаннан кейін Түркістанда құрылыс қарқын алады» деді Жансейіт Түймебаев.

  Жиында бұдан өзге мына мәселелер талқыланды:«Оңтүстік Қазақстан облысының тірек ауылдық елді мекендерінің тізбесін айқындау туралы» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №205 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы;

«Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу мөлшерін белгілеу туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 25 ақпандағы №47/389-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы;

«Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі №103 «Бақылау Функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушының, сақтандырушының, агенттің және қоғамның ұсыну нысаны мен мерзімдерін белгілеу туралы» қаулысының күшін жою туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы;

«Субсидияланатын өсімдіктерді қорғау құралдары түрлерінің тізбесі және 1 бірлікке (литрге, килограмға, грамға, данаға) арналған субсидиялардың нормаларын бекіту туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы;

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 тамыздағы №516 «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1194 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы туралы құжаттар талқыға салынып, Қоғамдық Кеңес мүшелерінің қолдаумыен қабылданды.

«Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» және «Түркістан облысы Түркістан қаласының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы да қолдау тапты. Осы шешімге сәйкес, Түркістан қаласындағы «32-Разъезд» елді мекені Қарсақты елді мекені болып өзгертілсе, «30-Разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар берілді. Осыған сәйкес, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе және өзге де көшелер пайда болады.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 928 рет