Жұма, 21 Қыркүйек 2018 16:39

Ұ.Сәдібеков: "Мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді"

Түркістан қаласында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ауқымды салаларды дамыту жөнінде берілген маңызды тапсырмасына сәйкес, жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жүргізіп отырды. Келелі кездесуде 4 басқарманың басшысы атқарылған жұмыстармен қатар қордаланған түйткілдер жөнінде баяндама жасап, оларды шешу жолдары мен ұсыныстарын айтты. Бұл туралы «AQ-QARA.KZ» хабарлайды «ontustik.gov.kz-ке» сілтеме жасап. 

Облысық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар кез келген мәселелер бойынша жедел әрекет етіп,  шынайы ақпарат берулері тиіс екенін айтты. 

— Облыстық «ыстық нүктелер» тізімінде бар мәселелер бойынша тиісті аудан, қала әкімдіктерінде дағдарысқа қарсы штаб құрылып, әрбір мәселе жіті қаралып, оның шешілуі, наразылықты алдын алу басты басымдыққа алынуы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды және олардың орындалу барысын насихаттау жұмыстары күшейтіледі. Әрбір аудан, қала әкімдіктері БАҚ-та және әлеуметтік желідегі ұсыныстар мен сын-ескертпелерге назар аударуы тиіс. Осы арқылы резонансты жағдайлардың алдын алып, халыққа бұрмаланбаған, шынайы ақпарат таратуға болады. Ол үшін мемлекеттік мекемелер жедел әрекет етіп, сол кемшілікті жойып, заң талабына сай жауап беруге күш салулары тиіс. Алдағы уақытта идеологиялық сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша облыстық семинар-тренингтер ұйымдастырылады, — деген басқарма басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру,  цифрлық эфирлік теле-радио хабарларын таратуға көшу және жаңа медианы дамыту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.  

Ал, облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жұмыс атқарылғанын мәлімдеді. Өңіріміздегі мектептерде «jumys.sitcen.kz» порталы арқылы бос жұмыс орындары жарияланып, қысқа мерзімде 1160 педагогтың бос орындары туралы хабарламалар берілген. Бүгінде 137 адам осы жүйе арқылы жұмысқа орналасқан. АлайдаКентау қаласы мен Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Созақ, Түлкібас және Шардара аудандарының аталған жүйемен жұмыс жүргізу сапасы төмен. Өңірде білім ұяларын кең жолақы интернетпен қамту, оқушылардың мектеп киім үлгісін сақтау және өзге де тапсымалар бойынша жұмыстар атқарылған. Басқарма басшысы мектептердің қысқы маусымға дайындығы, білім заңнамаларын сақтамау, мектеп формасы және өзге де мәселелерге тоқталып, «аудан, қала әкімдіктері бізбен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс» деген ойын білдірді. 

Діни тұрақтылықты сақтау бағытында да жұмыстар қолға алынған. Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Жүнісованың айтуынша, Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, яғни мешіттер саны —719. Енді демеушілерге мешітпен қатар мәдениет және спорт нысандары мен өзге де әлеуметтік нысандар салу жөнінде түсіндірме жұмыстары күшеймек. Сонымен қатар бейнабақылау орнатылмаған 211 мешітке бейнабақылау орнату бағытында нақты іс-шаралар қолға алынады. 

— Облыс көлемінде деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу мақсатында мәдениет саласының мүмкіндіктері қолданылып, мәдениет ошақтарында жастарға арнайы көркем және деректі фильмдер мен қойылымдардың көрсетілуін ұйымдастыру қажет, — дейді Р.Жүнісова. 

Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Сейітжаппаров жасөспірімдер мен жастардың қатысумен орын алған қылмыс пен құқық бұзушылық оқиғалары азаймай отырғанын тілге тиек етті. Аудан, қала әкімдіктері жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Әрбір басқарма өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмысты ширатқандары жөн. Соңғы жылдары облыста болған оқиғаларды зерделеп, оның қайталанбауына күш салыңыздар. Білім, жастар, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді» деп жиынды қорытындылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 917 рет