Жексенбі, 07 Қазан 2018 14:27

Түркістан облысының жастары Елбасы қойған міндеттерді орындауға дайын

Президент өзінің жаңа Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс екендігін жеткізгені белгілі. Сондай-ақ, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін нықтады.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауына байланысты Түркістан облысы әкімдігінде өткен брифингте облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Түркістан өңірінің жастары Жолдауды қолдауға дайын екендігін айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2019 жыл – жастар жылы деп атауды ұсынамын деді. Мұның өзі жастарға арналған үлкен қолдау. Жолдауда айтылғандай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсірудің өзі жастарға едәуір көмек болмақ. Бұл тұрғыда Түркістан өңірінің жастары Жолдауда айтылған барлық межелерді орындауға дайын», - деді Балмаржан Полатқызы.

Сонымен қатар, Президент ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуын тапсырды. Сондай-ақ, «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін айтты.

 «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 774 рет