Жұма, 17 Ақпан 2017 10:19

ДАРХАН МЫҢБАЙДЫҢ МҰХАМЕДИҰЛЫНАН НЕСІ КЕМ?

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

 

Әдетте мемлекеттік һәм ұлттық идеологияның төңірегінде әңгіме қозғала қалса, ауызды қу шөппен сүртуге әуеспіз. Қит етсе, «Қазақстанда күллі жұрт мойынсынған идеология жоқ!..» деп байбалам салып, жыланамыз да жатамыз. Алайда елдің санасы мен жан-жүрегіне мықты идеология орнығуы үшін мықты, сауатты идеолог керек екенін ескере бермейтініміз бар. Және ондай идеологты айдың арғы бетінен іздеп, шарқ ұрудың да қажеті шамалы.


Иә, қазақ дейтін халық көш бастар идеологтан кенде болған емес. Кезінде тұтас ұлтқа ұстын болған Өзбекәлі Жәнібековтің өзі неге тұрады?! Бірақ қазақтың идеологының басы да, аяғы да Өзекеңмен шектелмесе керек. Оның үстіне Ө.Жәнібеков айтулы идеолог болып аяғы аспаннан салбырап түсе салған жоқ шығар. Ол да жұмыр басты пенде ғой: бір жерде кіндік қаны тамды, өсті, қалыптасты, тәжірибе жинады, ысылды, шарықтады. Сол іспетті Өзекең салған сүрлеуден сусындап, ұлағатты өмір жолынан пікір түйіп, өміршең іс-әрекеттерінен тәлім-тәрбие алған азаматтар арамыздан табылмайды дегенге сенесіз бе? Сізді қайдам, өз басымыз сенбейміз. Тек Күреңбай сынды сол нағыз идеологты көре білсек, маман ретінде бағалай білсек болғаны.

Мысалы, алысқа ұзамай, Дархан Мыңбайды-ақ алайықшы. Ұлысқа ұйытқы болған Оңтүстіктің тумасы. Қандай алмағайып заман орнаса да, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдің ауасын жұтып, суын ішіп, топырағына аунап-қунап өсіп-жетілген азамат. Болар баланың етінің тірілігі мен алғырлығы шығар, ауылдың қарадомалағы сонау Ресей барып білім алды. Басқасы – басқа, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдау екі қазақтың бірінің маңдайына жазыла бермейтін нәрсе еді ғой сол тұста. Кеңес дәуірін айтамын. Журналист мамандығын меңгерді. Мәскеуден оралған бетте – 1985 жылы Одақтық және шетелдік баспаға арналған Бас ақпарат редакциясының (ҚазКСР Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпараттық агенттік – ҚазТАГ) редакторы болып еңбекке араласты. 1986 жылдан – аға редакторы, ал 1989 жылдан Одақтық баспаға арналған ақпарат редакциясының аға бақылаушы әдеби редакторы атанды. 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне қызмет ауыстырып, мұнда Актілерді жариялау бөлімінің аға кеңесшісі, 1992 жылдан аталмыш органда редакциялық-баспа бөлімінің аға референті лауазымдарын атқарды. 1994 жылы таза шығармашылыққа оралып, республикалық «Өркениет-Горизонт» газетіне басшылық жасады. 1996 жылы «Қазақстан теледидары және радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті болып тағайындалды да, араға бір жыл салып Дархан Қамзабекұлына Шығармашылық қызметті және облыстық телерадиокомпаниялармен жұмысты үйлестіру жөніндегі басқарманың тізгін-шылбыры сеніп тапсырылды.

Әйткенмен «Тесік моншақтың жерде қалмайды» деген рас екен, сол 1997 жылы-ақ Дәкеңді өзінің туып-өскен өңірі аттай қалап, елге алдырды. Сөйтіп, Дархан Мыңбай 35 жасында Оңтүстік Қазақстанына облыс әкімінің орынбасары болып оралды. Әрине, қай салаға жауапты екенін ішіңіз сезіп отырған болар. Мәскеу көрген журналист жігітке үлкен облыстың идеологиясын алып жүру жүктелді. ОҚО-ны басқарған Қалық Абдуллаев, Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімов секілді азаматтармен иық тірестіре тер төкті. Б.Сапарбаевтың тұсында жаңадан құрылған жастар ісі және ішкі саясат департаментінің бастығы болып, Б. Жылқышиевтің кезінде өзі дүниеге келген Түлкібас ауданын тізгіндеуі де Дәкең үшін өмір мектебі іспетті. Тіпті ОҚО-ның тарихында бір емес, екі қайтара өңір басшысының идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалған азамат кемде-кем шығар. Д.Мыңбай 2006 жылы аталмыш лауазымға қайта бекітіліп, екі жылдай идеологияның бұрқ-сарқ еткен қара қазанын қайнатты. Бағы шығар, бұл азаматтың оңтүстіктің идеологиясындағы қалдырған қолтаңбасын жерлестері әлі күнге шейін таңды таңға ұрып айтады. Күллі республикаға үлгі болған талай рухани, мәдени мән-маңызы зор іс-шаралардың басы-қасында Д.Мыңбайдың жүргендігін ұмыта қойғанымыз жоқ. Қазақтың сөз ұстаған нар тұлғаларын Шымкентке арнайы шақырып, «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстіктің» аясында қалың қауыммен жүздестіруі, дәстүрлі түрде «Саба» фестивалін өткізуі оның шын мәніндегі идеолог ретіндегі ұйымдастырушылық қабілетін, ұлтқа жанашырлығын паш етіп тұрғандай еді.

Өкінішке қарай, Д.Мыңбайдан кейін Оңтүстік идеологқа зәру күйде қалғандай күй кешті. «Өкінішке қарай» дегеніміз, бәлкім, аймақ дәргейінен алсақ, эгоистік те шығар. Бірақ облыс мықты идеологын уысынан сусытып алып, ұтылғанымен, мемлекеттік деңгейде қарасақ, қазақ халқы ұтылған жоқ. Өйткені 2008 жылы Дәкең Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде Арқа төріне жол тартты. Іле-шала «АП-дан» төбе көрсетті. 2008-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне жетекшілік жасады. 2012 жылдың қаңтар айында Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғанда ше, Оңтүстік жұртшылығының қуанғанын көрсеңіз, құдды бір Өзбекәлі Жәнібеков тіріліп келгендей әсерлендік-ау! Себебі қазақтың арғы-бергі руханиятына терең бойлай білетін, елім дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын Дәкеңнің Ө.Жәнібековтің ерліктерін қайталайтынына күмәніміз болмаған-ды. Тіпті сол жылдың 24 қыркүйегінде Кәрім Мәсімовтың Үкіметі отставкаға кеткенде де Елбасы Дархан Қамзабекұлын қайтадан Мәдениет және ақпарат министрі етіп бекітті ғой. Шын талантты, хас маманды, нағыз идеологты бағалағаны үшін мемлекет басшысына іштей алғыс айттық. Серпілдік. Үміт арттық.

Алайда 3-4 ай өткенде «Д.Мыңбай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған Ұлттық музейге директор болыпты» деп естідік. Иә, бұл мекеменің Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей  екендігіне һәм тәуелсіз Қазақстанның тарихында құрылған тұңғыш Ұлттық музей екендігіне дауымыз жоқ. Оның үстіне Президенттің бір сөзінде: «Ұлттық музей ғылыми және рухани орталық болып қалады, біздің қазақстандық жолымыздың барлық прогрессивтік жетістіктерін көрсетеді. Өзінің сәулеттік ауқымымен музей ғимараты ресейлік Эрмитажбен, француздық Луврмен және американдық Метрополитен музейімен бір қатарда тұратын әлемнің ірі экспозицияларының ондығына еніп отыр»  деп айрықша атап өткені де – жадымызда.

Содан бері төрт жыл зулап өте шығыпты. Осы мерзім ішінде бұл мәдени орталықта Дәкең біраз ауқымды жұмыстар атқарды. Елбасының «ұлттық музейді әлемдік музейге айналдыру керек» деген тапсырмасы шеңберінде қазіргі таңда шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, әлемнің жетекші елдерінің музейлерімен келісімшартқа отырғанынан да құлағдармыз. Мұнда күнде қарбалас. Ұлттық музей тек қана келушілерге экспонаттарды көрсетумен шектеліп отырған жоқ. Күн сайын келушілерге арналған тұрақты залдардан бөлек ұйымдастырылатын іс-шаралар өте көп. Музейде жеке көрмелерге, көшпелі көрмелерге, клас­си­калық өнер мен жаңа бағыттар­дың тұсаукесерлеріне арналған арнайы залдар бар. Онда отандық және шетелдік өнер өкілдерінің жеке көрмелері өткі­зіліп тұрады. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінің де музейлері мұнда қонақта болып, құнды экспонаттарын келушілерге ұсына алады. Ұлттық музей мәдени-ағарту, ғылыми-әдіс­те­­мелік, танымдық-ұйымдастыру істе­рімен де айналысады. Сондықтан мұнда ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстел», баспасөз конференциялары, рухани, мәдени жиындар үзілмейді. Сондай-ақ халық арасындағы құнды мұраларды жинау мақсатында, қазақ руханиятын одан сайын байытып, төрткүл дүниеге паш етуге бағытталған алуан-алуан акциялар да жалғасын тауып келеді. Әрине, мұның барлығы – бірінші кезекте білікті басшының маңдай терінің жемісі.

Бірақ... бірақ кей-кейде «Біз бұл қызмет арқылы асауға тұсау салып, шын жүйрікті шідерлеп қойдық-ау» деген ой келеді. Ел ағасына айналған шақта Дархандай кадрдың қадір-қасиетіне жетіп, идеологтық әлеуетін кәдеге асырғанымыз құп болар еді. Қазір Ақпарат және коммуникациялар министрі немесе Мәдениет және спорт министрі лауазымында отыратын-ақ азамат еді. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, Дархан Қамзабекұлынан кейін министр болғандардың қайсысы дәл осы кісі секілді жандырып жұмыс істеп, елдің есінде қала алды? «Біздің қасіретіміз осындай мықтыларымызды мойындай бермейтінімізде ғой» деген ой келеді. Тым болмаса, «АП-дағы» бұрынғы атқарып кеткен қызметі – ішкі саясат бөліміне меңгеруші етсек те, ұтылмас едік-ау. Біреулердің беделін  қызметі көтереді, біреулер қызметтің беделін көтереді емес пе, Дархан Мыңбай, біздіңше, соңғы топқа жатады. Ол осы «АП-да» ішкі саясат бөлімінің басшысы болып отырғанда да есімі тұлға дәрежесінде аталып жүргенін көпшілігіміз ұмытқан жоқпыз. Ол кісіден кейін бұл қызметті талай шенеунік атқарды. Қане, солардың қайсысы есте қалды? Демек, Дархан Қамзабекұлын музейден ішкі саясатқа қайта апарудан ешкім ұтылмас еді деп ойлаймыз. Қайта тіпті мемлекетіміз ұтар да еді. Ойды ой қозғайды, Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші боп кеткелі, әлеуметтік салаға, идеологияға жауапты вице-премьерліктің де мына қоғамға қажеттігі сезіле бастады. Біздіңше, «АП» көрген, министрлікті басқарған Дархан Мыңбайға сол орын да олқы болмас еді. Жарайды, ол орынды Президент қысқартып жіберді дей қояйық. Ақпарат министрлігін басқарып отырған Дәурен Абаев та кейінгі жаңа толқынның өкілі, жас пері бола қойсын. Бірақ соңғы бір жылдың көлемінде әлеуметтік желілерде әбден «таяқ жеген» Арыстанбек Мұхамедиұлының орнына Мыңбай мырза министр болып кетіп жатса, оған қазақстандықтар тек қуанар еді деп ойлаймыз. Мұхамедиұлынан Мыңбайдың қай жері кем? Қайта Д.Мыңбайдың көп жағдайда ел сүйкіміне бөленгенін бәріміз көрдік емес пе?! Әрине, кімді қай жерге қоятынын Елбасы шешеді. Біздікі «осылай болса қайтер еді» деген ғой, әншейін. Ал сіз не ойлайсыз?   

Оқылды 4093 рет