Бұл процесс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды қабылдау – алты жасқа толған немесе күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен электронды және қағаз форматта қабылдануда.
Биылғы оқу жылында Шымкент қаласындағы 268 мектепке 27 546 оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланған. 2025 жылғы сәуірдің 1-інен бүгінге дейін 21 097 өтініш қабылданған. Оның ішінде:
• Электронды түрде – 16 893 өтініш,
• Қағаз нұсқада – 4 204 өтініш.
Тілді оқыту бағыты бойынша:
• Қазақ сыныбына – 12 777 оқушы,
• Орыс сыныбына – 4 818 оқушы,
• Өзбек сыныбына – 3 499 оқушы қабылданды.
Бұл қабылдау жоспарының 76 пайызы орындалғанын көрсетеді.
Құжат қабылдау процесі:
Барлық білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта және мектеп әкімшілігіне тікелей тапсыру арқылы жүргізілуде. Мектептерде жауапты мамандар бекітіліп, ата-аналарға түсіндіру және кеңес беру шаралары ұйымдастырылды.
Ата-аналармен ақпараттық жұмыс:
Апта сайын мектеп әкімшіліктері ата-аналармен кездесу өткізіп, қабылдау талаптары, қажетті құжаттар мен мерзімдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мектептердің ресми сайттары арқылы ақпараттық хабарламалар таратылып отыр.
Қиындықтар мен ұсыныстар:
Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылдау процесі жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Мәліметтер апта сайын жинақталып, білім ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, ата-аналармен тиімді кері байланыс орнату жалғасуда.
Әлеуметтік қолдау шаралары:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес, жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 56 430 оқушыға 46 500 теңгеден бір реттік қаржылай көмек көрсету жоспарланған. Бұл көмекке атаулы әлеуметтік көмек алатындар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан оқушылар кіреді. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 2 млрд 623 млн 995 мың теңге бөлінуі жоспарлануда.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.