Жексенбі, 03 Тамыз 2025 21:01

Түркістан қаласы жиһаз өнеркәсібі бойынша елімізде жетекші орынға шығып отыр

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы жиһаз өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындарды аралап, өндіріс барысымен танысты. Қала басшысы «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» мекемелеріне арнайы барып, өндірістік үдерісті көзбен көріп, жұмысшылармен және кәсіп иелерімен пікір алмасты.

«Идеал Туркестан» ЖШС – қаладағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі. Жылына 200 000 дана дайын өнім шығаратын кәсіпорын 3 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы – 1,8 млрд теңге.

«LIDER GROUP» ЖК – жылына 80 000 дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге көлемінде қаржы айналымын қамтамасыз етіп отыр. 0,55 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында 60-70 азамат еңбек етеді. Компания өнімдерінің басым бөлігі жоғары сұранысқа ие.

«ASIA BREND» мекемесі де аймақтағы ірі өндіріс ошақтарының бірі. 1,5 гектар өндірістік аймақта орналасқан кәсіпорын жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шығарады. Мұнда 150-ге жуық адам тұрақты түрде еңбек етіп, 1,1 млрд теңге көлемінде қаржылық айналым қалыптастырып отыр.

Аталған кәсіпорындардың барлығы бүгінде толық қуатта жұмыс істеуде. Бұл — Түркістандағы индустриялық дамудың нақты көрсеткіші. Қала әкімі өндіріс орындарының жұмысын жоғары бағалап, өңірлік экономиканы нығайтудағы үлестерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктерді тиімді пайдалану арқылы өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын баса айтты.

Түркістан қаласы бүгінде рухани-мәдени орталық болумен қатар, өндірістік әлеуеті жоғары, экономикасы дамып келе жатқан аймаққа айналды. Әсіресе жиһаз өнеркәсібі бойынша өңір республика көлемінде жетекші орынға шығып отыр. Жыл сайын қалада жүздеген мың дана жиһаз өнімдері өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің өзге өңірлеріне және шетелдік нарықтарға да экспортталуда. Бұл – қала кәсіпкерлерінің тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.

Жалпы, 2035 жылға қарай Түркістан қаласында әртүрлі құрылыс материалдарын шығаратын 89 жаңа кәсіпорын ашу көзделген. «Жібек жолы» форматын іске асыру – мультимодальды көлік-логистика орталығын іске қосу мақсатында бас жоспарда бөлшек сауда көлемінің өсу қарқынын анықтады, олар құрылыстың 1-кезеңінде – 48,9 млрд теңгені, есептік мерзімге – 147,8 млрд теңгені құрайды.  Түркістан қаласы мен Түркістан облысы халықаралық саудаға белсене қатысады. Сауда балансының оң сальдосы өңір экономикасындағы бірқатар салалардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл отын-энергетикалық тауарлар мен химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруге байланысты салалар болып табылады.

Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің экспорттық әлеуеті зор. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, теміржол көлігі, транзиттік әлеуетті арттыру, «Шымкент – Түркістан – Кентау – Қызылорда» осін дамыту Түркістан қаласының көлік-логистика жүйесін дамытудың алғышарттары болып табылады. Болжамды кезеңде мультимодальды көлік-логистика орталығын, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізінің бойында жол жиегіндегі сервисті, А және Б класты қоймалар құру ұсынылады. Ал бас жоспардың «Қарапайым заттар экономикасының» дамуын ынталандыру бөлігінде түпкілікті импорт алмастырушы өнім өндіруге, қолөнерді дамыту үшін дайын өндірістік және инженерлік инфрақұрылымы бар индустриялық парк салуға бағытталған бағдарлама әзірлеу көзделген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде 2035 жылға қарай қолөнер, тұрмыстық салада және қызмет көрсету саласында ұлттық және көркем кәсіпшілік бойынша 100 шағын жобаны іске асыру болжануда. Сондай-ақ   2-стратегиялық бағыт бойынша ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту және ауыл шаруашылығының қарқынын арттыру көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығын техникалық жабдықтаудың төмен деңгейі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың проблемасы болып табылады. Сондықтан алғашқы кезеңде: ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының өндірісі, инновациялық өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы жүйелерінің өндірісі дамитын болады. Осы бағыт шеңберінде  ауыл шаруашылығы машиналарының, инновациялық өсімдік шаруашылығы жүйелерінің,  инновациялық мал шаруашылығы жүйелерінің өндірістерін дамыту жоспарланып отыр. Өңірде ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды жерлердің шектеулі болуы, сондай-ақ су ресурстарының тапшылығы инновациялық технологияларды қолдануды қажет етеді. Осыған байланысты Бас жоспарда Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамыту ұсынылған. Дамудың бастапқы кезеңдерінде шағын тракторлар мен оларға аспалы жабдықтар өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретін шағын ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру ұсынылады. Келесі кезеңдерде ірі тракторлар мен өздігінен жүретін басқа да техниканың өндірісін жолға қоюға болады. Есептік мерзімнің соңына қарай 23 кәсіпорын ашылады.

Түркістан қаласында сондай-ақ, алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 млрд. теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 млрд. теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжамдануда. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 млрд. теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 млрд. теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.

Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл  53,5 млрд. теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 млрд. теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.  

2024 жылы қалаға 400,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 20,3%-ға артқан. Оның ішінде жеке инвестиция 264,6 млрд.теңге, бюджеттік инвестиция есебінен 135,6 млрд.теңге. Түркістан қаласының жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда. Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді субъектілерінің саны соңғы үш жылда 2 есе өсіп 22,2 мыңға жетті.

Ағымдағы жылдың 1-ші жарты жылдығында өнім шығарылымының көлемі 149,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырға 167,7%-ға өскен. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды.  Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов таяуда Қытайдың Xinjiang Lihua компаниясының төрағасы Чжан Цихаймен кездескені белгілі. Кездесу барсында Түркістан қаласындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны талқылаған болатын. Жоба мақта өсіруден бастап, иірілген жіп, мата, киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығаратын өндірістің толық кластерін құруға қауқарлы. Бұл кластерді құру үшін АЭА-тан 50 мың гектар жер бөлініп, 10 зауыт салу жоспарлануда. Оның ішінде 4 мақта өңдеу зауыты, 2 заманауи су үнемдеу технологияларын қолданатын тамшылатып суару жүйелерін өндіретін зауыт, сондай-ақ тігін және бояу-әрлеу фабрикасы бар тоқыма зауыттары болмақ. Инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд. теңгеден асады. Жоба аясында 4 мыңнан астам жұмыс орны, оның ішінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта кластердің инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылып, тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Инвестор суару инфрақұрылымының құрылысын жүргізуде. Xinjiang Lihua компаниясының төрағасы Чжан Цихай қазан айында алғашқы дайын өнім өндірісі іске қосылатынын мәлімдеді. Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның экономиканы дамытудағы кластерлік тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, мақта-тоқыма кластерін құру ауыл шаруашылығын дамытуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізетінін айтты.

«TURAN» АЭА аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл жобалар ел экономикасын әртараптандыру және инвестиция тарту бағытындағы тиімді қадам болып есептеледі. Жалпы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №693 Қаулысына сәйкес құрылған. Аймақтың негізгі миссиясы – Түркістан қаласының экономикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру, оны Түркі әлемінің рухани және іскерлік орталығына айналдыру. «TURAN» АЭА жалпы аумағы 3987 гектарды құрайды және 6 негізгі, қосалқы аймақтан тұрады.

Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.

Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облы­сының шаруалары соңғы жылдары баға мә­се­лесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Мақташылар көтеріп жүргенбұл мәсе­ле жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шара­лар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі дең­гейін­де шешілетін мәселе емес екенін де ұмытпаған абзал. Сондық­тан да осы салада еңбек ететін 25 мың­ға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақ­та­­шы­лардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пі­кір­лері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қол­дау болатынынан үмітті. Елордаға қа­рап елеңдеген диқандар Президент пәр­­ме­німен оң өзгеріс болатынына сенеді.

Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.

Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.

Жалпылай айтқанда, Түркістанға инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылдың басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны). Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылады. Тараптар жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниеттіӨңір басшысының айтуынша, бүгінде Арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 24 рет