Дүйсенбі, 08 Қазан 2018 16:53

Түркістан облысы: Агроөндірістік кешенді дамытуға жыл сайын 100 млрд. теңге бағытталатынына жетісайлық шаруалар разы

Алдағы үш жылда агроөндірістік кешенді дамытуға жыл сайын қосымша 100 млрд. теңге қаржы бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік пайдалануына мүмкіндік туғызбақ. Бұл туралы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Ұлан-ғайыр жері бар, құнарлы топырағы бар Қазақстан шетелден қымбат әрі сапасыз азық-түліктер алмауға тиіс. Біз өзімізді өзіміз асырай аламыз», - деді Елбасы. 

Тұңғыш Президенттің бұл сөзі жетісайлық диқандарға жаңа серпіліс беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта ауданда егістік жерлерді әртараптандыру, суарламы егістік көлемін тиімді әрі сапалы игеру мәселесіне басты назар аударылмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына цифрландыру үдерісін кезең-кезеңімен ендіре отырып, соңғы заманауи технологияларды пайдалану жоспарлануда.

«Биылдың өзінде Жетісай ауданындағы егістік жерлердің 65-70 пайызға жуығы электронды картаға енгізілді. Соның нәтижесінде шаруалар мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктерге қиналмай қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта суармалы жерлерді тиімді игерудің жаңа тәсілдері қолданылмақ. Нақтырақ айтсақ, тамшылатып суару мен жылыжай көлемін арттыруға ден қойылмақ. Сонымен қатар, қарқынды бау, бақша дақылдары көлемін еселеп көбейту көзделуде. Елбасы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бөлінетін қаржының шарапатын жетісайлық шаруалар да көрсе, елімізді сапалы әрі табиғи азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге әзірміз», - дейді Елбасының Жолдауын жергілікті тұрғындармен бірге драма театрда тікелей эфирде көрген Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 904 рет