Осыдан бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын, дәлірек айтсақ 25 қаңтар күні ОҚО мәслихатының сессиясында халық қалаулылары 25 кісіге "ОҚО-ның құрметті азаматы" атағын беріпті. Бір сөзбен айтсақ, «сен же», «мен же» болған. Мейлі берсе берсін, бізге салса тіпті 25 мың адамға берсін. Алайда, сол атақты кімдер алды? 25-інің бәрін тізбелеп отырмай, екеуіне ғана тоқталып өтсек.
«ОҚО-ның Құрметті азаматы» атанғанның бірі – кезінде осы облысты басқарған Болат Жылқышиев. Жылқышиевтің кезінде облыста қандай у-шудың болғанын жақсы білетін шығарсыздар. Жүзден аса сәбидің ВИЧ-ке шалдығуы Болат мырзаға қара таңбадай жабысып, кетпей қойған. Орны толмас қасірет орын алған облыстың әкімінің жұмысына биліктің көңілі толмаған соң Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы ескерту беріп, ақыры орнынан алды. Қаншама дәрігер сотты болды. Былайша айтқанда, Болат мырзаның аты елдің есінде тек осы шулы оқиғамен ғана астарласып жатқандай.
Тағы бірі тап осы ОҚО-ға әкім болған – Қалық Абдуллаев. Қалекеңді кезінде ерінбеген адамның бәрі сынайтын. Әсіресе Хабар арнасындағы «Жетпіс жеті күн» бағдарламасының бір саны Қалық Абдуллаевты мазақ етпей шықпайтын. Оны қоя беріңіз, тіпті, Елбасының өзі Шымкентке бір келгенінде тақтаға шыққан баланың жанын шығаратын баяғының мұғалімдері секілді Қалекеңді тұрғызып қойып, ашуланып: "Шымкентте біреудің үйіне барып шай ішпеңдер деген едім ғой" деп әбден ұрысқаны бар. Содан көп ұзамай «шайқор» Абдуллаевыңызды орнынан алды. Одан кейін қызмет те берген жоқ. Қайда жүргенін де білмей қалғанбыз. Сөйтсек, ОҚО мәслихаты қайда жүргенін біледі екен. Біліп қана қоймай, құрметті азамат атағына лайық көріпті. Лайық болса лайық та шығар. Алайда...
Қалық Абдуллаевтың әкімдік еткен тұсында Оңтүстіктің қараңғы түнекте қалғанын қалай жасырамыз? Күндіз 2-3 сағат берілетін жарық кеш болысымен сөніп, бүкіл облыс қап-қараңғы қапаста отырды ғой. Шымкенттегі көпқабатты үйлердің тұрғындары газдың жоқтығынан далаға шығып, шөп-шалам тұтатып тамақ пісіріп, қаланы қазанның астынан шыққан көк түтін алып кеткен жоқ па еді? Жылудың жыры бір басқа. Бір отбасының бүкіл мүшесі бір бөлмеге тығылып жататын. Жылы болсын деп. Басқа облыстардың тұрғындары жетісіп отырмаса да ОҚО-ның дәл сол кездегі халі мүшкіл болды. Халықтың билікке деген жеккөрушілігі шарықтау шегіне жеткен-ді. Міне, Қалық Абдуллаевтың тұсындағы тіршілік.
Сонда деймін-ау, ОҚО мәслихаты аттары жағымсыздау оиғалармен ел есінде қалған немесе Елбасының сынына ұшырап, ескерту жасалған Абдуллаев сияқтыларға атақ берумен айналысатын мекеме ме? Ақыры ВИЧ жайлаған тұста әкім болған Болат Жылқышиевке берді екен, онда салақтығымен 100-ден аса сәбиге ВИЧ індетін жұқтырған дәрігерлерге неге бермеді? Сол кездері ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Нұрсұлу Тасмағамбетованы неге ұмытып кетті екен? Балаларға ВИЧ жұқтырған Болат Жылқышиев деуден аулақпыз әрине. Алайда, дәл осы Болат мырза әкім болып тұрған тұста орын алған оқиға екені рас қой? Қай кезде де сұрау алдымен бірінші басшыдан алынады. Облыста орын алған мәселеге бірінші кезекте облыс әкімі жауап береді. Дәл осыны негізге ала отырып, билік оны орнынан алған жоқ па еді?
Биыл індет жұқтырған балаларға олардың ВИЧ-пен ауыратындығы ресми түрде айтылатын болыпты. Өте ауыр жағдай. Бейшара балалардың ата-аналарының қабырғасы қайысатын тұс. ОҚО мәслихаты бұл жаңалықтан хабарсыз дей алмайсың. Бәрін біледі. Алайда, ең болмаса сол балалардан, ата-аналарынан ұялып: «Бөке, сізге құрметті азамат атағын келесі жылы берейік» десе Болат мырзаның талағы тарс айрыла қоймас па еді, кім білсін...
Әншейінде Елбасының атын аузына алмай іс бастамайтын ОҚО мәслихатының депутаттары президенттің көңілі толмаған, сынына, «қаһарына ұшыраған» әкімдерді не үшін «Құрметті азамат» атағына лайықты деп ойлады екен? Осылар осылай-осылай билікке оппозиция болып, баррикаданың арғы жағына секіріп кетіп жүрмей ме? Кім білсін. Дегенмен, не шықса да шымкенттік депутаттардан шығады. Негізі, былтыр көктемде сайланған депутаттарға қатысты у-шу көбейіп кетті. Бір-екеуі істі болды, хатшысына қатысты айқай-шудың басылғаны кеше...
Құдай әйтеуір ОҚО мәслихатының депутаттарының ақылына ақыл қоссын деп тілейміз.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ