Жиында өздерінің тұщымды ойларын ортаға салған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбеков пен Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Әділханов Жолдауда халықтың тұрмысының түзеліп, табысының еселенуіне ықпал ететін тұстарын айрықша атап өтіп, келер жылды «Жастар жылы» деп аталатынын зор ықыласпен қабыл алғандығын баян етті. Жиында аудан басшысы Ерлан Айтаханов қорытынды баяндама жасап, стратегиялық құжаттың 6 басымдығына айрықша тоқталды. Баяндама барысында Ұлт Көшбасшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты жаңа Жолдау елдің тұрмысын түзеу, табысын еселеу, кәсібін ұлғайтып, әлеуметтің әлеуетінің артуына зор ықпал жасайтындығын жеткізді.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Тәуелсіз Қазақстанымыздың терезесін жаңа әлемдегі дамыған елдерімен тең ету – бәріміздің де ең басты борышымыз. Елбасының әр Жолдауының тарихи миссиясы – Қазақстанымызды табысты да өркениетті, халқының тұрмысы жоғары, табысы мол қуатты елге айналдыру мақсатынан туындайды» деп, ынтымағы ырысты, бірлігі бекем отырарлықтарды игі іске біркісідей атсалысуға шақырды. Халықтың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тауып, туындаған міндеттерді бағдарлы болашақ жолында біркісідей атқаратындықтарын жеткізді.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»