Дүйсенбі, 22 Қазан 2018 21:10

Ұласбек Сәдібеков: «Қоғамның дамуына өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол»

Шымкентте «Қазақстандағы ауылдық үкіметтік емес секторды дамыту: сынақтар, көзқарастар, табысты тәжірибелер» тақырыбында конференция өтті. «Береке» және «Экоцентр» қоғамдық бірлестіктерінің бірлескен іс-шарасына АҚШ-тың USAID агенттігі қаржылай қолдау көрсеткен. Конференцияның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, қоғамның дамуына өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол екенін айтты. 

Конференцияда «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов азаматтық қоғамды дамыту жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ шағын және ауылдық аумақтарда азаматтық белсенділікті қолдау бойынша Ресей тәжірибесі туралы айтылды.

Жиында гендерлік саясат, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәселесі, ҮЕҰ мен мемлекеттің байланысын арттыру, ауыл жастарының белсенділігін жоғарылату және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, баяндамалар жасалды. Шымкенттегі конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қоғамдық бірлестік төрағалары қатысты.

«Береке» қоғамдық бірлестігі халықаралық ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда 20-дан астам ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған. Осы арқылы Түркістан, Жамбыл, Ақмола және Қарағанды облыстарында көптеген іс-шаралар өткізілді. «Береке — ынтымақ арқылы» атты бағдарлама бойынша еліміздегі 100 аудан, қаланың 700 өкілі 35 тренингке қатысса, 101 адам халықаралық конференцияларда тәжірибе жинаған.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 858 рет