Дүйсенбі, 22 Қазан 2018 21:46

Түркістан облысы: Төлеби ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жайы пысықталды

Қазанның 18-інде Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Бауыржан Бақытұлының төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Оған төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелері, бөлім басшылары қатысты. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. 

1. Аудан аумағында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Төлеби ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Есіркепов Бақытғали Қырғызбайұлы баяндады. «Төлеби ауданы 6-8 балдық аймақта орналасқан сейсмикалық белсенділігі жоғары аймаққа жатады. Белсенділік аймағы бойынша 8 балдық аймақта: Төңкеріс, Балдыберек, Қостөбе, Қарақия, Қаратөбе елді мекендері; 7 балдық аймақта: Алатау, Нысанбек, Біркөлік, Диханкөл, Ұзынарық, Қасқасу, Керегетас елді мекендері; 6 балдық аймақта Ленгір қаласы, Көксәйек, Зертас, Аққұм, Кемеқалған ауыл округтерінің елді мекендері жатады.

Төлеби ауданының халқы мен аумағын жер сілкінісі салдарынан болатын төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасының сейсмикалық қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру» Жол картасының іс-шараларын Түркістан облысында жүзеге асыру бойынша бекіту жоспарындағы тапсырмалардың жүзеге асырылуы бойынша тиісті шаралар қабылдауыңызды сұранамын»деп айтып өтті. Осы мәселе бойынша Леңгір қаласының әкімінің орынбасары Қожанов Қоспай Нұрманұлы және Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жақыпов Бақытғали Тұрарұлы қосымша баяндама жасады.

2. 2018-2019 жылғы қыс маусымында аудан тұрғындарын, мекемелерді үздіксіз табиғи газбен, жылумен, электр қуатымен қамту және қауіпсіздік іс-шараларының орындалуы туралы Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Жақыпов Бақытғали Тұрарұлы баяндады. Қосымша «Төлеби аудандық ауруханасы» МКҚК басшысының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ Төлеби аудандық бөлімшесінің басшысы Тұрымбетов Мақсат Шәріпбайұлы, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Төлеби аудандық тарату бөлімшесінің бас энергетигі Қаратаев Ерлан Әкімжанұлы баяндама жасады.

3. Аудан аумағындағы, облыстық және ауданішілік маңызы бар автомобиль жолдарында 2018-2019 жылғы қыс мезгілінде көлік қатынасының үзілмеуін қамтамасыз ету туралы «Жарықжол» КММ бас инжинері Көпжасаров Арман Талғарұлы баяндама жасады. Қосымша «Оңтүстік жолдары» МКК Төлеби аудандық учаскелік басшысы Дарменов Асқарбек Кәдірбекұлы баяндады.

2017-2018 жылы қыс маусымында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты (бұрқасын боран, жел, көрініс жоқ) жалпы 3 рет облыстық және жергілікті автомобиль жолдарын қар басу оқиғасы орын алып, Төлеби ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің және №5 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен қар құрсауынан 2 адам құтқарылып, 10 адам, 2 бала эвакуацияланып, 10 жүк, 3 жеңіл, автокөлігі эвакуацияланды. Жолға жауапты мекемелердің үздіксіз қардан жолды босату жұмыстарын жүргізу нәтижесінде жолдар ашылып, қарым-қатынастар мерзімінде қалыпқа келтірілді.

4. Аудан аумағында 2018-2019 жылғы күз-қыс мезгілінде су басу қауіпінің күшеюіне байланысты елді мекендер мен тұрғындарды болуы мүмкін су басу жағдайларынан қорғау іс-шаралар туралы «Төлеби су Шаруашылығы» МКК директоры Нысанбаев Жасар Тұрашұлы баяндама жасады. 
Аудан аумағында негізгі жылу беруші Төлеби ауданы әкімдігінің "Төлеби су шаруашылығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынына қарасты Ленгір қаласындағы 2 жылыту қазандығы. Қазіргі таңда бұл мекемелер жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қысқы кезеңге дайын.

Аудан басшысы Омарбеков Бауыржан Бақытұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала, ауылдық округ әкімдеріне және тиісті мекемелердің басшыларына сұрақтар қойып, тапсырмалар берді. Сондай-ақбүгінгі мәжілістегі қаралған, хаттамаға түскен мәселелердің орындалуын қадағалануын тапсырды. Есіркепов Бақытғали Тұрарұлына айтылған мәселерді бір күнді белгілеп, бірге барып, көріп, тексеруді ұсынды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 929 рет