Аудан әкімі Б.Асанов Атакенттің жаңа басшысына жаңа міндеттер жүктеп, кенттегі қордаланған мәселелерді шешуге тапсырма берді. Атап айтқанда, ауызсу, көшелерге асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстарын қарқындатып, кенттің тазалығын қолға алу керектігін айтты. Сонымен қатар, Атакентке канализация жүйесін тарту керектігін алға тартты.
«Әкім деген осы жердің иесі болуы керек. Қай жерде қандай мәселе барын дереу анықтап, оны шешу үшін күні-түн тынбай еңбек етуің тиіс. Сондықтан бір кездері дүркіреп тұрған Атакентті қарыштап дамытады деп саған сенім білдіреміз!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.
С.Азимов 1982 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданында туылған. 2003 жылы «Сырдария» университетін аяқтаған. Еңбек жолын дәл осы жылы «Махтааралземкадастр» ЖШС-де іс басқарушы болып бастайды. Осылайша түрлі жылдары Мақтаарал жер кадастр бюросында оператор, Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімінде оператор, жетекші маман міндетін атқарушы, жетекші маман қызметтерін атқарған.
2013 жылдан бастап Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде бас маман, сектор меңгерушісі, 2016 жылы Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімінде бас маман болып еңбек етті.
2017 жылдың қыркүйегінде Атакент кенті әкімінің орынбасары, 2018 жылдың тамызынан бастап қазірге дейін Атакент кенті әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып қызмет еткен.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.