Сенбі, 13 Шілде 2024 10:17

Түркістан қаласында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» атты тақырыпта келелі жиын өтті

Түркістан қаласында «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті. Cессияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым, аудан, қала әкімдері, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және мүшелері, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия отырысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Түркістан облысындағы этномедиация саласындағы жұмыстар республика көлемінде жоғары бағаланғанын атап өтті. Сонымен қатар облыстағы этностар өкілдері тарапынан қазақ халқының тілі мен мәдениетін үйренуге деген ұмтылыс жоғары екендігі және өңірде этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілін жетік меңгергендігі айтылды.

Сессия шеңберінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Онда заңнамалық талаптарға сәйкес ротация тәртібімен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарлары қызметіне «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы филиалының төрағасы Сарманбай Сафаров мен Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирсметов сайланды. Кеңес мүшелері жаңа лауазым иелерінің өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сессия барысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары күрделі кезеңде тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсеткен барша түркістандықтарға алғыс айтты. Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке» ауқымды акциясы аясында Түркістан облыстық Ассамблеясы осы игі миссияның көшбасшысы болды. Түркістандық Ассамблея құны 150 миллион теңгенің гуманитарлық көмегін жіберді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.

Сессия мәжілісінде «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Венера Саражова, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Кадиров, Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жалпы ахуал, медиация және тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына жастардың қосқан үлесі жайында мазмұнды баяндама жасады.

Бұдан соң, Марат Әзілханов пен Бейсенбай Тәжібаев өңірімізде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарды арнайы марапаттады. Сапар аясында Марат Алмасұлы Түркістан қаласында Президент тапсырмасына сай салынып жатқан «Достық үйінің» құрылысымен танысты. Аталған ғимарат биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, Ассамблея Сессиясы – Ассамблея мүшелерінің жиналысы Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Кезекті Сессияны шақыру туралы өкім кезекті Сессияның еткізілетін күні, орны жене күн тәртібі көрсетіліп, ол басталғанға дейін отыз күннен кешіктірілмей қабылданады, бұл туралы ресми бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады. Кезектен тыс Сессия Ассамблея Төрағасының, Ассамблея Кеңесінің бастамасы бойынша немесе Ассамблея мүшелері жалпы санының кемінде үштен бірінің өтініші бойынша шақырылады жене оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі.

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс органы оның Хатшылығы дербес құрылымдық бөлім ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіреді. Ассамблеяның және облыстар (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеяларының құрамы — этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінің, мемлекеттік органдар өкілдерінің және олардың қоғамдағы беделі ескеріле отырып Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан қалыптастырылады. Ассамблеяға мүшелікке кандидатуралар облыстардың этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктерінің ұсыныстары негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары сессияларының шешімі бойынша, сондай ақ республикалық, өңірлік этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдарының шешімі бойынша ұсынылады. Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңес құрылып, қызмет атқаруда. Ғылыми-сарапшылық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар кіреді. Этносаралық мәселені жариялаудың ерекшелігі ескеріле отырып Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Журналистер мен сарапшылар клубы құрылған. Клуб жұмысының басты бағыты журналистер мен сарапшылар үшін этносаралық тақырыпты жариялаудың лайықты дәстүрін қалыптастыру, сондай-ақ Ассамблея мен БАҚ арасындағы байланысты тереңдету болып табылады. Барлық аймақтарда Достық үйлері өз жұмысын тиімді атқарып келеді, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласында – Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, әлемдік дәстүрлі діндер съездері, өзге де маңызды іс-шаралар өтеді.

Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі.

Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын — этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында — Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды роль атқарды. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.

2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.

Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.

Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Ассамблеяның негізгі міндеттеріне тоқталсақ.

этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту;

қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;

азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру;

Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;

Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 615 рет