Жиынға тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, филология ғылымдарының докторы, профессор – Сейдулла Садықов, тарих ғылымдарының кандидаты – Баян Адырбек, композитор, профессор – Бекжігіт Сердәлі, доцент, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы – Гүлсара Тоққұлова, ұлағатты ұстаз зейнеткер – Несіпкүл Өтебаева, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі – Ақтөре Қайрат және кітапхана директоры Жанат Шардарбекова, ұстаздар, оқырмандар және кітапханашылар қатысты. Сонымен қатар, облыс аумағындағы аудандық кітапхана директорлары да жиынға онлайн түрде қатысты.
Ғалымдар тарапынан бірқатар қолдау мен ұсыныстар түсті. Атап айтқанда, облыстық «Фараб» кітапханасының ұйымдастыруымен Орталық Азия елдерінің ұлттық кітапханаларына зиялы қауым өкілдері және кітапханашыларының қатысуымен әдеби сапар өткізіп, еліміздің әдеби-мәдени тынысын таныстыруды қолға алу, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан елдеріне қазақ мәдениетін насихаттап, рухани байланыс орнату сынды ұсыныстар талқыланды.
Сондай-ақ, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласының мәдени күндері басталды. Мерекелік шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тамашалады. Этноауыл аумағында Түркістан қаласының өнерпаздары ұмыт болып бара жатқан көне ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сахналап, ақ кимешек киген әжелер тобы «Ауылдың алты ауызын» шырқады.
«Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі күйден шашу шашып, «Яссы» би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қойылды. Бұдан бөлек, «Көненің көзі әжелер» дизайнерлік өнер сырмақ, түскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберліктерін көрсетсе, этно-мәдени ұлттық орталықтар оның ішінде (өзбек, түрік) этностарының көрмесі қойылды.
Шара аясында айтыскер ақындар арнауларын орындап, айтыстың үлгісін көрсетсе, Ұмыт болып бара жатқан «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері сомдалды. Айта кетейік, шара барысында «Түркістан халық театры» дайындаған көше театрының стилінде «Саф алтын арыстар» тақырыбында көрініс-қойылымы ұсынылады және ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Сонымен бірге қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізілмек.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат