Аталған жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.
– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, – деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Еске сала кетсек, елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті сақтаудың ең оңтайлы әдісі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болады. Қазақстан үшін қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА бейбітшілік пен рухани келісім принциптерінің дирижері ретінде бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін біріктіреді.
Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді. Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.
Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облысты4 жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» - деді.
Бүгінде республикада 367 этномәдени бірлестік аккредиттелген, оның ішінде 14 республикалық. Жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 43 этностың 1025 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі, «әртүрлілікте бірлік» принципіне сүйене отырып, қазірдің өзінде елде де, одан тыс жерлерде де жеткілікті түрде қайталанатын бренд болып табылады. Бұған көп күш пен мемлекеттік бағдарламалық құжаттар бағытталды.
Көп ұлтты қоғамдағы диалогтың табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын анықтайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демократиялық принциптеріне негізделуімен анықталады.Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайтыны түсінікті. Қоғамның өзі бұл процеске мемлекет пен азаматтық институттардың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық масштабта азаматтық сектормен, халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша этносаяси және этномәдени құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.
Қызмет аясы кеңейіп, қойылған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асқанда, ҚХА жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық, делдалдық және т.б сияқты жұмыстың жаңа институционалды бағыттарын дамытады. Барлық аймақтарда ҚХА қамқорлығымен 3 мыңнан астам қоғамдық келісім кеңестері мен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 1793 аналар кеңестері, сондай-ақ ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрудың негізгі мақсаты азаматтық институттардың, саяси және басқа да бірлестіктердің қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыру болды.Қазақстанның теңдестірілген этносаралық саясаты демократияның тұжырымдамалық негіздерін құрайды. Бірақ демократия, біз білетіндей, басқаша. Бұл жағдайда қазақстандық демократия этносаралық қатынастардағы принциптерді бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру принциптеріне айналды. Біз тәуелсіз ел атанған соң бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларға, сондай -ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай байып, дамығанын көрдік. Сонымен қатар, осы салыстырмалы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде, мүмкін болатын іске асыру тұрғысынан оларды шешуді және талдауды қажет ететін көптеген мәселелер жинақталды.
Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саласы өте күрделі. Мұнда кез келген жағымсыз фактор үлкен шиеленіс немесе күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Жаһандық үдерістерге тән экономикалық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің бұзылуы, адамгершіліктен айырылу этникалық топтардың агрессивтілік, әлеуметтік қашықтықтың ұлғаюы, алыстау сияқты қорғаныс реакцияларын туғызады, бұл түптеп келгенде ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкеледі. Бұл елдің имиджіне де, одан әрі дамуына да әсер етері сөзсіз. Жалпы алғанда, кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары болып қала береді, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі, олар мемлекеттің даму саясатының негізгі принциптері ретінде берік бекітілген.
Ұлтаралық татулық мәселесіне келер болсақ, дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.
Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы қазақ халқын «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық.
Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мемлекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.
«Ынтымақ болмай іс оңбас» дейтін бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі - тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.
Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады - бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім - әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» - дейді ол.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат