– Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – дербестігіміз бен даралығымыздың айғағы, елдігіміз бен ерлігіміздің байрағы. Мемлекеттігіміздің кешегісі мен келешегінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады және ауылды жерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағытымыздың бірі. Еліміз бұдан әрі дамуы үшін әрбір азамат Ата заңымыздың ұстанымын қатаң сақтай отырып, еңбек ете білуі тиіс. Бұл ретте, «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау болашақ ұрпақ үшін таптырмас үлгі болары хақ. Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін! – деді облыс әкімі.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шарада өңір басшысы бірқатар азаматтарды марапаттады. «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі сынды мемлекеттік наградаларын табыстады. Сонымен қатар облыстың Құрметті азаматы атағын тапсырды. Оның ішінде қоғам қайраткері, Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, құрметті муфти Рәтбек қажы және мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар бар.
Салтанатты жиын әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, эстрада жұлдызы Айдар Тұрғамбек, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Тәженова, «Turan Boys» тобы, Руслан Ахымбеков, Айзада Асылхан, Махмуд Уримбаев, Сұлтан Бекмырза, Сәндібек Аманов, Гүлзина Жақсылық,«Фараб» және «Бисұлтан» би ансамблі, «Jana lep!» өнер ұжымы, «АКА» балалар шығармашылық орталығы өнер көрсетті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат