Сейсенбі, 24 Қыркүйек 2024 19:56

Отырар ауданы: бейбіт күннің батырларына құрмет көрсетілді

Отырар ауданы әкімі апаратының басшысы Ашим Елеусизов бейбіт күннің батырларын қабылдап, құрмет көрсетті. Батылдық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен жандарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен төтенше жағдай кезіндегі белсенді қызметі үшін шынайы алғысын айтты.

Аппарат басшысы өз сөзінде: - Ерлік жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Дегенмен өңірімізде өз басын қауіпке тігіп, тез шешім қабылдап, өзгенің өмірін қорғап қалған азаматтар бар. Сіздер Қоғам ауылындағы тұрғын үйде болған өрт кезінде газ баллондарының жарылуының алдын алып, қауіпсіздік шараларына белсене атсалыса білдіңіздер. Сіздердің батыл әрі тез шешім қабылдауларыңыздың арқасында екі бірдей газ баллоны залалсыздандырылды. Сіздерге шынайы алғысымды білдіре отырып, елге қызмет ету жолындағы жұмыстарыңызға толағай табыстар тілеймін! – деді.

Ағымдағы жылдың 15 қыркүйек күні Отырар ауданы, Қоғам ауылы, Ұ.Арғынбеков даңғылы бойында тұрғын үй ауласындағы жаздық асханадан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Хабарлама бойынша аталған мекен жайға №9 өрт сөндіру бөлімінен 2 (екі) өрт сөндіру автокөлігі мен 5 жеке құрам қызметкерлері жіберілген. Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, қорғау кіші сержанты Тұрсынбаев Әділ Мұхтарханұлы мен Қоғам ауылының тұрғындары Бектұрсынов Наурызбай Умиртаевич пен Сали Бекзат Мұратұлы қауіптің жоғары екендігіне қарамастан өз еріктерімен жарылыстың алдын алу мақсатында жаздық асхананы табиғи газдан және электр тоғынан ажыратып, асхана ішінде қалған 2 дана газ балонына салқындату жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіз жерге алып шыққан. Қабылдау барысында батыл азаматтар аппарат басшысының ілтипатына ризашылықтарын білдіріп, қоғамның дамуына қызмет етуге дайын екендерін жеткізді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 83 рет