Сәрсенбі, 31 Қазан 2018 15:56

Түркістанның жаңалықтары түркітілдес елдерге де тарайды

Бүгін Түркістан қаласында өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық медиа форумда бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілерімен меморандумға қол қойылды. Осы құжат негізінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикаларының жетекші ақпарат құралдары мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік орнатылды.

Атап айтсақ, Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулимен де меморандум жасалды.

Осы меморандум арқылы еліміз бен Түркістан облысы туралы жаңалықтар түркі тілдес елдерге түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және орыс тілдерінде жаңадан ашылған ашылған  «TÚRKISTAN MEDIA»  халықаралық орталығы арқылы таратылады. Бұл жұмыстарды жүргізуге Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқитын түркі тілдес елдердің студенттері ерікті түрде атсалысады. Түркістанның қызықты тарихы мен туристік орындары насихатталады. Сонымен қатар, түркі мәдениеті мен руханиятын, бауырлас халықтардың бірлігін нығайту бағытында да ақпараттық қолдау көрсетілмек. Екі тарап  ақпарат алмасу, өзара байланысты дамыту жолында ынтымақпен әрекет етуді көздеп отыр. Журналистика саласындағы жаңа технологияларды меңгеру, тәжірибе алмасу мәселесіне де көңіл бөлінеді.

Меморандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетекшілері мен өкілдері Түркістанның туризм және Түркі әлемінің орталығына айналатынына сенім білдіріп, ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Нәтижесінде тарихи қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар саны көбейеді деп күтілуде. Халықаралық медиа форумда жасалған бүгінгі меморандум  Түркістан қаласының оң имиджін қалыптастырып,  туризмін дамытуға серпін береді деген сенім мол.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 988 рет