Сәрсенбі, 07 Қараша 2018 09:52

Түркістанда халықаралық журналистер форумы өтті

Түркістан қаласында «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы өтті. Оған елімізбен қатар Түркия, Қырғызстан,  Әзірбайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, Түркістан облысындағы БАҚ басшылары мен өкілдері ғалымдар және студенттер  қатысты.

Форумның мақсаты – Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар, өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген.Форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі. Ол жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.

«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттық маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Ж.Қансейітұлы.

Осы форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сондай-ақ шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Басқосуда  қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері журналистиканы дамыту, Түркістанды гүлдендіру бағытындағы пікірлері мен ойларын айтты.

Форум аясында Түркістан облысы ішкі саясат барқармасы мен шетел басылымдары арасында келісімдер мен меморандумға қол қойылды. Жаңадан ашылған «Түркістан медиа» халықаралық орталығы арқылы енді  облыс  туралы ақпараттарды түркі тілдес елдердің БАҚ-да 5 тілде (әзірбайжан, түрік, өзбек, қырғыз, орыс)  тарату жөнінде шетелдік ақпарат құралдарымен келісім жасалды. Форумға қатысушылар журналистика саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, жаңа ақпарат кеңістігінде Түркістанның журналистикасы заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді. Киелі мекеннің туристік және рухани әлеуетін көтеруде осындай форумдардың оң серпін беретінін атап өтіп, ақпарат айдынында Түркістанның дамуына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 774 рет