Жұма, 20 Желтоқсан 2024 13:52

МҚІА төрағасы Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілер және жастармен кездесті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Түркістан облысындағы жұмыс сапары аясында облыс активі, Өңірлік кадр резервінің мүшелері және белсенді жастарымен кездесулер өткізді. Облыс активімен кездесуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, осы саладағы реформаларды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен өткен жиында МҚІА төрағасы мемлекеттік аппаратты адамға бағдарланған және сервистік сипатта қалыптастыру, бюрократиядан арылту бойынша атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады. Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметтің гибридтік моделіне көшу, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және адам ресурстарын басқаруды цифрландыруға қатысты жоспарлармен бөлісті. Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды екендігіне назар аударды.

Іссапар барысында МҚІА төрағасы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен еркін форматта кездесу өткізіп, оларға жоғары оқу орындарының үздік түлектерін аудандық және ауылдық жерлерде төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындау мүмкіндігі беріліп отырғандығын және «eQyzmet» жүйесінде мемлекеттік қызметке онлайн форматта іріктеудің қолжетімділігі мен тиімділігі жайлы айтты.

Ол мемлекеттік қызмет мамандық таңдамайтынын, онда түрлі маман өкілдері қызмет атқара алатынын атап өтіп, болашақта мемлекеттік қызметке келемін деген жастар үшін басты мақсат – жеке бастың мүддесі емес, ел игілігі үшін қызмет ету болуы керек екендігін ескертті. Жастар мемлекеттік қызметке кіруді барынша ашық ету бойынша енгізілген жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, Агенттік басшысына өз сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Дархан Жазықбай аймақтардағы талантты жастарды қолдау және оларды мемлекеттік басқару ісіне тарту мақсатында Президент бастамасымен жүзеге асырылған Өңірлік кадр резервіне Түркістан облысы бойынша биыл алғаш іріктелген жастармен кездесті. Агенттік төрағасы резервшілерге үлкен жауапкершілік артылатынын айтып, оларды елге адал қызмет етуге шақырды.

Жұмыс сапары аясында МҚІА төрағасы Түркістан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы, қызмет алудағы азаматтарды құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы Агенттіктің басты назарында екендігін айтты. Айта кету керек, Түркістан облысында 2024 жылдың 1 жарты жылдығында 12,5 млн. қызмет көрсетілсе, оның 98% электронды нысанда ұсынылған.

Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде мемлекетіміздің жүргізген саясатының арқасында қоғам дамуыны­ң барлық­ саласында түбегейлі өзгерістер болды­. Соның ішінде мемлекет­тік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекет­ті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалып­тастыру, халықтың мемле­кет­тік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыр­у бағы­тында­ игі бастамалар жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы - мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау. 

Электронды үкіметті дамыту, халықтың ком­пьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде мемлекет басшысы жыл сайын тапсырмалар жүктеуде. Олардың орындалуы – басты назарда. Мемлекет басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының ар-туына, сыбайлас жем­қорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болатыны анық. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиім­ділігінің басты көрсет­кіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс.

2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды. Қабылданған Заң  талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы  және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік  қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен  қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты,  олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Заңда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шағым беру тәртібіне қатысты нормалар енгізілген. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау мен оны бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық құрылымдарына берілген. Яғни, уәкілетті органға қызмет беруші мен қызмет алушыға қанағаттанбау себебін анықтауға бағытталған кешенді  зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдар  тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсетілу заңнамасын сақтамау, уақытылы бақыламау мен қызмет алушылардың шағымдарын толық әрі уақытылы қанағаттандырмау себептерін зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттелген.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.

Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.

Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:

- көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;

-   мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;

- мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
- мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
- мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;

- мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.

Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.

Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарты мен регламентінде айқындалады.

Стандарт және регламент дегеніміз не?

Стандарт дегеніміз - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.

Ал, регламент - мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 39 рет