Сәрсенбі, 04 Желтоқсан 2024 12:27

Дархан Сатыбалды қазақ-корей бірлескен білім ордасының құрылыс алаңында болды

Түркістан облысында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақ-корей бірлескен білім ордасы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын бақылады.

Өңір басшысы 18 қабатты ғимараттағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты басшылармен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпараттық технологиялар университетінің ашылуы келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған.Жоба «Түркістан» ӘКК» АҚ мен серіктес «BOLD Construction Group» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт негізінде іске асырылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Айта кету керек, Woosong University – Оңтүстік Кореяда Теджон қаласында орналасқан және әйгілі WOOSONG білім беру қорына тиесілі университет. 70 жылдық тарихы бар ЖОО-да 12 000-нан астам студент білім алуда, 780 профессор біліктілігін арттыруда. Woosong кәсіби және оқу базасын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен ынтымақтасады. Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша да мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.

Сондай-ақ, Түркістан облыс мен Корея Республикасының арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту аясында бизнес-форум өтті. «Korea International Trade Association» қауымдастығының қатысуымен өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы және кореялық 50-ден астам кәсіпкер мен іскерлік және дипломатиялық орта өкілдері, оның ішінде KITA басқарма төрағасы мырза Юн Джин Сик, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов және Қазақстан мен Кореяның түрлі экономика салаларының делегациялары қатысты.

Форумның мақсаты – екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, энергетика, инновациялар мен технологиялар сияқты экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау және қазақстандық және корей компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату. Кездесуде Нұралхан Көшеров екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялар мен бизнестің негізгі аймағы ретінде зор әлеуетін ие екенін атап өтті. Өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы мәлімет беріп, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы қолданыстағы жобалар туралы кеңінен баяндады.

«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сияқты салаларда Корея елімен ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз инвесторларға ашықпыз және өңір экономикасын дамытуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары. Форум аясында G2B және B2B кездесулері де өтіп, нақты жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Шара Түркістан облысы мен Корея Республикасының экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Өзара пайдалы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет