Бейсенбі, 10 Сәуір 2025 18:52

СОЗАҚ АУДАНЫ ОРТАЛЫҒЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, кешенді дамыту шараларының сапасын бақылауға алды. Атап айтқанда, орталық маңызы бар С. Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі абаттандыру жұмыстары басталды. Алғашқы қадам ретінде жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, көшенің көркін арттырады.

Мәселен, С. Қожанов көшесіне Шымкент бағытынан кірер тұстағы Ерімбетов көшесінен «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейін 7 шақырымға үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынады. Аяқ жолға 235 дана жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылатын болады. Бұған қоса үлкен жолға 352 дана көше жарықшамдары орнатылып, әсемдік сипатына басымдық беріледі.

Жібек жолы көшесінде де Шолаққорған – Түркістан бағытындағы айналма жолдан «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырым қашықтыққа үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынады. 2,5 шақырымды құрайтын латоктар жаңартылады. Ш. Оқшиев көшесінен бастап, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы айналма жолға дейін 1,5 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынады. Бұл көшенің де әсемдігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады.

Сонымен қатар, “Достар” стадионының да күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңартылған стадионда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы мен талапқа сай үлкен футбол алаңы салынады. Ал «Жасыл белдеу» аумағында ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Аталған аумақ тағы 1 шақырымға ұлғайды. Осылайша, биылғы жылға артқан көлемі 3 шақырымға жетіп, 7000-ға жуық тал көшеттері егілуде.

Аудан басшысы аралау кезінде мердігер мекемелердің өкілдерімен тілдесіп, ең алдымен құрылыс сапасына қатысты талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Бұл бойынша жауапты саланың мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Жаяу жүргіншілер жолына төселетін плиткалардың сапасын бақылады. «Жасыл белдеу» аумағына егілген көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын да назарға алды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 96 рет