Сенбі, 01 Желтоқсан 2018 15:19

Түркістан облысы: шардаралықтар ҚР Тұңғыш Президенті күнін кең көлемде атап өтті

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніншардаралықтар аудан орталығындағы «Абай» мәдениет сарайында атап өтті. Еліміздің әнұраны орындалып болған соң, аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жолдыбай мерекелік құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін шардаралықтар барлық қазақстандықтармен бірге ерекше мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтудеміз. Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, Мемлекет басшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды жеңіп, еліміз экономикасы қарқынды дамушы елдер қатарынан көрінуде», – деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Мереке үстінде бір топ азаматтарға түрлі марапаттар табыс етілді. Қайрат Жолдыбайұлы бірінші кезекте Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатында күмістен алқа тағынған жерлесіміз Жайна Шекербекова мен қол күресі спортынан Түркияның Анталья қаласында өткен әлем чемпионатында әлем чемпионы атанған Ләззат Мәлікайдарға көптің алдында «Алғыс хат» пен сый-сияпат тапсырды. Аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Жұмагүл майбасарова мен осы мекеменің есепшісі Баян Баратоваға облыс әкімінің Грамоталары табыс етілді.

Сондай-ақ, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Құдайберген Маханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің нұсқаушысы Мағжан Серіков, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шүкір Жарияқұл, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекші маманы Қанат Жахан, аудандық аумақтық сот орындаушылар бөлімінің инспекторы Қуаныш Атамбаев, Достық ауылдық округі аппаратының бас маманы Намаз Тұрашев, М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Баян Қанайбекова, аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әлеуметтік педагогы Айгүл Ділдәбекова, аудандық пошта байланыс торабының бастығы Ақмарал Күлшаева аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Мереке барысында «Ақ әжелер» ансамблі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Үшқоңыр» әнін нәшіне келтіре орындап берді. Мұнан кейінгі кезекте аудандық Оқушылар үйінің өнерпаздары мен шардаралық өнер жұлдыздары сахнаға шығып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 706 рет