Сейсенбі, 04 Желтоқсан 2018 18:53

Түркістан облысы: Теріскейде Тұңғыш Президент күні мерекеленді

Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиын болды. Жиынға аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, түрлі мекеме басшылары, мұғалімдер мен тұрғындар қатысты. 

Жиын әнұранның шырқалуымен ашылып, құттықтау сөз аудан әкімі Салыхан Полатовқа берілді. Аудан басшысы Елбасының халықаралық дәрежедегі беделі, жоғары лауазымды қызметіндегі тұлғасы жайлы кеңінен айтып, "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауының жаңа экономикалық саясаттың маңызды стратегиясына назар аударды. Сонан соң ауданға еңбегі сіңген зейнеткер Сатан Махановқа, Әбіләкім Азнаевқа «Астана қаласына 20 жыл» мерекелік медалін, Құмкент ауыл округінің әкімі Абай Көбеновке облыс әкімінің Грамотасын, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ «Созақ ауданының 90 жылдығына 90 мақала» айдарымен әлеуметтік желіде ауданның тарихын насихаттауда ерен еңбек еткен Кәмілжан Рысметовке, «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Роллан Әлжановқа, аудандық орталық кітапханың бөлім меңгерушісі, Созақ ауданының 90 жылдығына арналып шығарылған «Созақ» энциклопедиясының жауапты жинақтаушысы болған Гүлнар Өмірбекке, «Қазақтелеком» мекемесінің бөлім басшысы Жақып Мұқымбековке, кәсіпкер Бағлан Сүгірбаевқа, «Жастар ресурстық орталығының» КММ басшысы Жеңіс Төлепбергеновке аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

Салтанатты жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, аудан жастарының атынан Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Бауыржан Аманов көпшілікті құттықтады. Мәдениет сарайының қызметкерлері тартымды жүргізген жиында аталған сарайдың өнерпаздары мен мектеп оқушылары Қазақ елі туралы патриоттық әндерін шырқап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Үш қоңыр» әні айтылды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 859 рет