Бейсенбі, 11 Шілде 2019 20:28

Арыс қаласы 1 тамызға дейін қалпына келтіріледі

Арыс қаласындағы зақымданған тұрғын үйлерді қалпына келтіру үкімет басшысының тікелей назарында. Бүгінгі таңда Арыстағы шаруаны үлесіне алған кейбір өңірлер құрлыс жұмыстарын кенжелетіп отыр. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Арыс қаласына жасаған сапар барысында жұмысы баяу өңір өкілдерін сынға алды.

Апатты аймақ 17 секторға бөлініп жауапты  әр өңір құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары еншісіне алған секторларда жұмыс қызып тұр. Құрылысшылар алғашқы жөнделген үйлерді тұрғындарға тапсырып та үлгерген. Десек те кейбір облыстардың жұмысы баяу. Асқар Мамин енжар өңірлердің өкілдерін сынға алды. «Қостанай облысы, Маңғыстау, Нұрсұлтан қаласы және Алматы қарқындары төмен. Әкім орынбасарлары осында. Соның ішінде Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бюджет қаражатынан жүргізілуде. Жергілікті атқару органдары атсалысуда. Ал Самұрық қазына 7 млрд теңге аударып отыр» - деді Премьер-министр.

 Үкімет басшысы зардап шеккен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұрылымды уақытылы қалпына келтіруді тиісті сала өкілдеріне тапсырды.  Медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды және білім беру нысандарын жаңа оқу жылына дейін  дайындауды қадап айтты.  Арыста 8483 тұрғын үй  бар. Оның 7010-ны жөндеуді қажет етеді. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев   атқарылған шаруаларды баяндады. «Қалпына келтіруге жатпайтын 152 нысан бар оның бәрін сүріп қайтадан тұрғызып жатырмыз. Ағымдағы жылда барлық олқылықтарды түгел жоямыз деп жоспарлап отырмыз» - деді Ө.Шөкеев.

Басты мәселе жөндеуді қажет ететін тұрғынүйлерді тез арада егелеріне тапсыру. Үкімет басшысыныңда Арысқа келгендегі басты мақсаты осы. Сөгіс алған өңірлер өз секторындағы шаруаларды пысықтауға уәде берді. Болжам бойынша  ағымдағы жылдың 1-ші тамызына дейін зақымданған үйлерді толық қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 688 рет