Сәрсенбі, 28 Тамыз 2019 18:27

Түркістанның бас жоспары таныстырылды

Бүгін облыс орталығы тұрғындарына Түркістан қаласының бас жоспары таныстырылды. Енді қасиетті мекен 3 кезеңмен дамып, сәні мен сәулеті жарасқан шаһарға айналады. Алдағы уақытта тұрғын үйлер мен мектеп, балабақшалардың саны артып, әкімшілік ғимараттар бой көтереді. 

Бас жоспарға сәйкес, Түркістан қаласы 3 кезеңмен дамудың даңғыл жолына түседі. Ең бірінші 2018 жылдан бастау алатын қызу құрылыс жұмыстары 2025 жыл мен есептік мерзім бойынша 2035 жылға дейін жалғасады.

«Негізінен әуелі Түркістанның аумағы өзгереді. Жаңадан нормативтік есепке байланысты 350 мың адамға норма бойынша балабақшалар, мектеп, емхана көбейеді.  Жаңадан нысандар ашылады. Жаңа әуе жай, теміржол вокзалы, екі автовокзал болады. Бұл жоспарда үш кезек бектіліген. Басты кезең – 2018 жыл, 1-кезең 2025 жыл болса, жоспарлық – 2035 жылы. Біз алдында айтып өткен жобалар 2035 жылы аяқталады деп көзделген» дейді «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС маманы Әлібек Әбдірайымов.

Қазіргі уақытта қалада 19 мемлекеттік және 49 мемлекеттік емес балабақша жұмыс істейді. Бас жоспарға сәйкес, 2025 жылы тағы 660 орынға арналған 44 балабақша салынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жобада алдағы 15 жылда 27 мектеп бой көтереді. 5 жыл көлемінде 10 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде ауысымына 1400 келушіге арналған 4 емхана салынбақ.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 702 орынға арналған 14 қонақ үй бар. 2025 жылға дейін туристер тұрақтайтын орындардың саны артып, сапалы тамақтану орындары ашылады.  Бұдан бөлекбас жоспарға сәйкес көше-жол желісі және көлік инфрақұрылымы оң жолға қойылады.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1408 рет