Бейсенбі, 31 Қазан 2019 17:20

Мемлекет басшысы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановты қабылдады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және қалаға қосылған аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жайында баяндады. Сонымен бірге кездесу барысында мемлекет басшысына Шымкент қаласын дамытудың үшжылдық жоспары ұсынылды. 

Мемлекет басшысы Шымкент қаласының әкіміне қала төңірегіндегі шағынаудандар мен елді мекендерді электр қуаты, газ, ауызсу және жол секілді қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын белсенді жүргізу аса маңызды екенін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын және жылу беру маусымының ың-шыңсыз өткізілуін, атаулы әлеуметтік көмектің берілуін бақылауда ұстауға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Айта өтейік, Ерлан Айтаханов мегаполис тізгінін биыл 30 шілдеде қолына алған болатын. Келер аптада тағайындалғанына 100 күн толатын ол шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін біраз шаруалардың ұйытқысы болып үлгерді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 988 рет