Жұма, 01 Қараша 2019 18:09

Шымкент: Әл-Фараби ауданында жыл басынан бері 47 нысан іске қосылған

Ақпараттық коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін берді. 

Аудан әкімі Ғабит Патшаханұлының айтуынша, осыған дейін 217 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы толығымен абаттандырылса, 100-інің құрылыс жұмыстары 45 пайызға аяқталған. Аудан басшысы бұл игі шаралардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар брифинг барысында аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов Әл-Фараби ауданында жыл басынан бері 47 нысан іске қосылғанын мәлімдеді. Тарқатып айтар болсақ, 7 ірі, 12 орта және 28 шағын өндірістік-кәсіпкерлік нысанға тартылған инвестиция көлемі 9,215 млрд. теңгені құрады. Тиісінше 5 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыс демекші, "Шымкент қаласында "Қырғы базар" айналасында ретсіз сауда жасаған азаматтардың тізімі жасалынып, базар әкімшілігімен түзілген меморандум аясында 30 адам базар ішіне, 40 саудагер "Визит" ЖШС аумағана 2 ай ақысыз сауда жасауға орналастырылды" – дейді әкім.

Ғ.Мəуленқұловтың айтуынша, қалаға көршілес аудандардан қосылған елді мекендерге де ерекше көңіл бөлінуде екен. Мәселен, 276-орамдағы 150 жеке тұрғын үйге демеушілер есебінен сапалы электр жарығын жəне "Текесу" тұрғын алабына таза ауыз су жеткізу жұмыстарын ұйымдастырған. Сондай-ақ Бадам елді мекеніне қарасты 195-орамға сапалы электр жарығын тарту үшін бюджеттен 253 млн. теңге бөлініп, қазір жарықтандыру жүйелері мен электр бағандары орнатылуда.

Төле би көшесінің бойындағы аяқжолды «Қырғы базар» аумағына дейін абаттандыру жұмыстарына байланысты қазір сол көшелердің бойы қоршалып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Абаттандыру жұмыстары Тəуелсіздік күні мерекесіне дейін аяқталмақ.

Тағы бір атап өтер жайт, Əл-Фараби ауданында өз бетінше иеленген 247 жер телімі анықталған. Зерделеу, түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде қазір оның 24-і заңдастырылып, қосымша 6 үйдің құжаты жер комиссиясына ұсынылыпты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 985 рет