Дүйсенбі, 22 Мамыр 2017 11:18

Қазақстанда «02» кім?

Билікте жүрген үлкен шенеуніктерге қызметінің жоғары-төмендігіне қарай әртүрлі цифрлық теңеулер таңылып жатады. Әр ауданның, облыстың, қаланың бірінші, екінші басшылары бар. Жергілікті жерде оларды қызметіне қарай айналасы «бірінші» немесе «екінші» деп атап жатады. Жоғары билікте де цифрлық теңеулер қалыптасқан. Солардың ішінде әсіресе Кәрім Мәсімовтың «реттік нөмірі» туралы әңгіме көп. Кезінде премьер-министр болып тұрғанда оны маңайындағылар бейресми түрде «02» дейтін. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «01» екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ал, Конституция бойынша Елбасыдан кейінгі үлкен қызметкер, яғни, «02» - Сенат төрағасы, «03» - Мәжіліс төрағасы, содан кейін ғана Премьер-министрдің реттік нөмірі - «04» болуы тиіс. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, К.Мәсімов Үкіметті басқарып тұрғанда Ақорда маңайындағылар мен жалпы мемлекеттік қызметте жүргендер бейресми түрде оны «02» деп атаған көрінеді. Дәл осы жерде сұрақ туады: Қазақстанның қазіргі Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевты саяси ортада неге сол К.Мәсімов сияқты бейресми түрде «02» деп атамайды? Егер «02» - Премьер-министр дейтін қызметке бейресми таңылған цифр болса, онда Бақытжан Сағынтаевты да «02» деп атаулары керек еді ғой?

Бұл жерде мәселе Премьер-министр дейтін қызметтің беделділігінде емес, сол қызметте отырған адамның саяси салмағына байланысты-ау деген де ой келеді.  Әйтпесе, Мәсімовты «02» дейтіндер Сағынтаевқа «02»-ні қимай қалды дейсіз бе?! Білетіндердің айтуынша, Мәсімовтің «02» аталуының себебі көп. Біріншіден, Президент оны бір емес, екі рет Премьер қылды. Ылғи жоғары посттарға тағайындап келді. Осының өзі басқалардың қасында оның беделін бір бас жоғары көтеріп тұрады. Бүгінде премьерліктен алса да елдегі ең маңызды органдардың бірін басқаруға жібергені Елбасының оған деген зор сенімі мен көзқарасының өте жақсы екенін аңғартып тұр. Оның үстіне «02» деп аталуға лайықты Кәрім Қажымқанұлының басқа да біз білмейтін қырлары мен сырлары болуы мүмкін ғой. Осының бәрі айналып келгенде мемлекеттік қызметкерлер арасында «Мәсімов – «02» дейтін түсінікті қалыптастырған болуы мүмкін.

Ал енді, Бақытжан Сағынтаевқа келсек, Елбасы бұл кісіге де үлкен сенім білдірген соң осындай жоғары лауазымға тағайындағаны анық. Оның үстіне, Премьер-министрдің креслосы кім көрінген отырып кететін айдаладағы қыстақ әкімдігінің орны емес. Десек те, Сағынтаевты «02» деп әлі ешкім атай қоймаған тәрізді. Харизмасы жетіспей жатыр ма, әлде басқа себебі бар ма, ол жағы белгісіз. Бірақ, харизмасы жетпейтіндей, қол астындағыларға сөзі өтпейтіндей Сағынтаев билікке енді ғана араласа бастаған адам емес қой. Басқа қызметтерін айтпағанда, билікте жүрген 20 жылдай мерзімде облыс әкімі, екі рет министр, Мәсімовтің кезінде Үкімет төрағасының бірінші орынбасары болды. Бұл дегеніңіз үлкен тәжірибе. Сонда оны «02» атандырмай жүрген не жағдай болуы мүмкін? Бұл сауалдың жауабын білмейміз. Білеміз дейтіндердің өзі әрдеңенің шетін бір қайырады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Мәсімовтің соңғы премьерлігінен бұрын сол орында отырып кеткен 7 премьердің ешқайсысы да бейресми түрде «02» атанбаған дейтін ел арасында сөз бар. Демек, Сағынтаевтың да «02» атануына «шансы» аз дей беруімізге бола ма? Бақытжан Әбдірұлының Премьер-министр болғанына 8 айдан сәл-ақ асыпты. Кім біледі, шамалы ұзақтау отырса, Мәсімовтен кейінгі екінші «02» атанып қалар. Әзірге, ресми «02»-нің иесі Қасымжомарт Тоқаев деп отырмыз...

 

Оқылды 1556 рет