«Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қаншама қиын, нәубет жылдарды басынан өткерді. Бүгін де әлемді жайлаған індет қазақ халқын айналып өткен жоқ. Оның ішінде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Шымкент қаласының 2 тұрғыны осынау індетті жұқтырғанын естіп, көңіліміздің құлазып қалғаны рас. Дегенмен, Қазақстанға кірген бұл жаман аурудың түбі өңірімізге ерте ме, кеш пе келетіні анық еді. ҚР Президенті, Үкімет, министрлер, зиялы қауым өкілдері өз кезегінде күн сайын елге басу айтып, сабырлылыққа шақыруда. Ең бастысы, дүрлікпей, мамандар тарапынан айтылып жатқан талаптарды тиянақты орындап, үйден шықпай отырсақ, бұл жағдайды да ел болып еңсереміз.
Қазақ- ашық, қонақжай, дархан ел ғой. Сондықтан да үйде отыру деген жәйтке оншалықты бой үйренісе алмай жатқанын түсінуге де болады. Дегенмен, бұл індеттің таралмауына, туған-туыстарымыздың, бауырларымыздың зардап шекпеуіне өзіміз ғана көмектесе алатынымызды естен шығармайық. Әрине, той-томалақты тоқтаттық. Ең арысы, дүниеден өткен жандардың 7 күндік және 40 күндік сынды дәстүрлі ас беру науқаны да саябырсыды. Осының бәріне түсіністікпен қараған ел, қатты қажет болмаса үйден шықпауға да үйренеді дегенге сеніммен қараймын. Сабырлы болайық!»,-деді Шәріпбек Жамалбек.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.