«Құрметті Түркістан қаласы тұрғындары! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімімен елімізде төтенше жағдай кезеңі сәуір айының 30-на дейін ұзартылғанын хабарлаймын.
Бұл шешім халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында қабылданып отырғанын ескере, түсіністікпен қарайсыздар деген үміттемін. Барлық сақтық шаралар орындалуы қатаң қадағаланып, қала тынысы мен болашағы үшін маңызды қызмет орындары және арнайы жұмыстары жалғасатын болады.
Азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банк, пошта, медицина саласындағы қызметтер тоқтатылмайды. Қала тұрғындары ыңғайлылығы үшін түрлі қызметтерді онлайн форматқа өткізіп жатырмыз. Банк, пошта, мемлекеттік қызметтердің көбісін қазір де интернет арқылы алуға болады. Диспетчерлік телефон қосылып, тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға жауап та берілуде.
Жергілікті қызметкерлер сарбаздардың көмегімен көше, аялдама, балалар алаңшасы, адам шоғырланатын жерлерді залалсыздандырғыш ерітіндімен күнделікті өңдеп жатыр.
Сабырлық танытып, еліміздің болашағы әрбір тұрғын шешімі мен іс-әрекетіне тәуелді екенін ұмытпауларыңызды сұраймын»,-деді қала басшысы үндеуінде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.