Төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығы болмайды. Себебі қалада тәулігіне 100 мыңнан астам медициналық бетперде тіліліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде. Бүгіннің өзінде шаһардағы мемлекеттік мекемелер мен халық көп шоғырланатын орындарға 285 мың дана медициналық бетперде таратылыпты. Аталған бетперденің артықшлығы сол – оны бірнеше рет қолдануға болады.
«Бұл бетперделердің барлығы Шымкент қаласындағы жергілікті кәсіпорындарда тігілген. Мұнан бөлек қала аумағындағы дәріханаларға жергілікті жерде өндірілген 185 мың дана бетперде түсті. Тиісті органдар бетперде бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалап отыр. Бүгінгі таңда бетперделердің бағасы 150-200 теңге көлемінде сатылуда. Бұл баға – бетпердеге кететін материалдар мен басқа да шығындарды есептегенде шығатын құны» - дейді Қанат Жүнісбеков.
Орын алған жағдайға байланысты жұмысы тоқтап, не жұмыстан босаған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мәселен, жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Бұл Еңбек Кодексінің 70-бабына сәйкес.
Қанат Жүнісбеков: «Бұл жерде жұмысшыларға атқарылған жұмысы бойынша ғана жалақысы төленеді. Мысалы, норма бойынша 8 сағаттық жұмыс уақыты болып, оның 4 сағатын жұмыс істейтін болса, тек 4 сағаттық жұмыс істегені үшін жалақысы төленеді. Тараптардың келісімі бойынша және өндірістік процесстер мүмкіндік берген жағдайда, жұмыс беруші қашықтықтан орындалатын жұмыс белгілеуі мүмкін, яғни Еңбек Кодексінің 138-бабына сәйкес бұл жұмыс беруші орналасқан жерден тыс, жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тәртібіндегі жұмыс атқару» - деді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.