«Республиканың өзге аймақтарына Шымкент арқылы өтетін транзитті жолаушылар көп. Олардың саны – тәулігіне шамамен 200 мың адам. Бұл жағдай індеттің таралу қаупін арттырып отыр. Сол себепті Шымкент қаласында 31 наурыз күні сағат 21:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізіледі», – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Әкім тапсырмасына сәйкес бүгіннен бастап қалаға кіретін барлық жолдар жабылады. Сәйкесінше, қаладан шығуға да тыйым салынбақ. Бұл талаптардың тек транзитті жүк көліктері мен тіршілікті қамтамасыз ететін арнайы автокөліктерге қатысы жоқ. Ал аудан аумағынан қалаға қатынап жұмыс істейтін азаматтар үшін талап басқа.
Сонымен қатар енді қала тұрғындары толықтай бетперделік режимге көшеді. Ережені елемегендерге ескерту беріліп, тиісті шаралар қолданылмақ. Себебі, медициналық маска вирустан қорғанудың алғашқы шарасы болып саналатындығын мамандар ескертеді.
Айта өтейік, бүгінде әлемде вирус жұқтырғандар саны 700 мыңнан асты. Қазақстанда 336 адам қауіпті дертті жұқтырса, оның екеуі Шымкент қаласында тіркелді. Қалада бір елді мекен карантинге жабылған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.