Бейсенбі, 16 Сәуір 2020 15:06

Шымкентте жол жөндеу жұмыстары тоқтамайды

Төтенше жағдай Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарына қолбайлау болмауы керек. Қайта көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін тиімді пайдаланған жөн. Қала аумағында тоқтаусыз жүріп жатқан жол құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай - деді.

Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қалған жөндеуден өтуі қажет жолдардың құрылыс жұмыстарына биыл бюджеттен 25,6 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның 5,1 млрд. теңгесі республикалық қазынадан болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен. Нәтижесінде,  294 мың шақырым жол жөндеуден өтіп, оған қоса 6 көпір және 1 жолайрық қала тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілмек. Құрылыс қарқынын бағамдаған қала басшысы бірнеше нысандар мен көшелерді аралады. Жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп, мердігер компания өкілдерімен сөйлесті. Қаладағы жөндеуден өтіп жатқан Гагарин көшесі мен Республика даңғылының бойындағы құрылыс қайта қарқын алып, қазіргі таңда тоқтаусыз жүргізілуде. Айта кетерлігі, төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың барлық сақтық шараларына мұқият болуы өте маңызды. Ал, оған немқұрайлы қараған жағдайда жұмыстары тоқтатылатынын ескерткен қала әкімі барша мердігерлерге үлкен жауапкершілікпен сапалы жұмыс атаруды тапсырды.

Құрылысы бірнеше кезең бойынша жүріп жатқан Шымкент әуежайындағы  жаңа терминал заманауи үлгіде болмақ. Алдағы уақытта жолаушыларды өткізу және жүк қабылдау цифрлы түрде жүргізіледі. Терминалға апаратын жаңа жол, инженерлік құрылым мен абаттандыру жұмыстары бірге аяқталады деп күтілуде. Қала әкімінің назарын аудартқан кезекті құрылысы бастау алған «Самал – 2» шағын ауданындағы Сейітов көшесінің жолы. Себебі, осы көше арқылы мөлтекауданның балалары мектепке барады. Бұрын соңды  асфальт жол төселмеген көшеде жол төсеу жұмыстары басталды. Қала басшылығына алғыстарын білдірген көше тұрғындары жаңашылдыққа дән риза.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 481 рет