Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Осыған орай оңтүстік өңірдегі ең ірі қала, басты орталық – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы қалай орындалып жатқанына шолу жасап көрмекпіз.Бүгінгі таңда жергілікті билікке қойылатын негізгі үш талап бар. Біріншіден, жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі рационалды шешімдерді дер кезінде қабылдай білу. Екіншіден, сол шешімдерді жүзеге асыру барысында жедел әрекет ету, яғни, мобилділік. Үшіншісі, халықпен тиімді кері байланыс орнату. Бұл талаптар былайғы жаймашуақ кезде де маңызды. Ал қазіргідей төтенше жағдай кезінде мұның маңызы еселеп артты. Біздіңше, Шымкент қаласының әкімдігі осы үш талаптың да үдесінен толықтай шығып отыр.
Бұған дәлел ретінде 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгенін айтуға болады. Сол күндері Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар саны саусақпен санарлық болатын. Бірақ, Шымкентте індеттің тез таралуына ықпал ететін жәйттер аз емес еді. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы 2 миллионнан астам тұрғынның күнделікті тіршілігі осы мегаполиспен тығыз байланысты. Әрі Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Республиканың өзге өңірлеріне Шымкент арқылы күн сайын кемінде 200 мың транзитті жолаушы өтетін. Көлік пен жолаушылар ағыны мұндай көп кезде індеттің қалай тез тарап кетері белгілі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бастаған команда осы қатерді алдын ала болжай білді. Сондықтан, Шымкентке карантин режимін енгізі туралы шешім азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, денсаулығын сақтау тұрғысынан дер кезінде қабылданған өте орынды шешім болды деп сеніммен айта аламыз.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»