Дүйсенбі, 20 Сәуір 2020 21:03

Шымкент: басты назарда – әлеуметтік көмек пен құрылыс!

Шымкент қалаласының әкімі Мұрат Әйтенов қашықтан мәжіліс өткізді. Жиында қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны мен инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік төлемдермен карантин режімін қатаң сақтау жайы сөз болды.

2020 жылы қалалық құрылыс басқармасы арқылы 104 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 58 жоба, яғни 78-і тұрғын үй, 20-сы инженерлік инфрақұрылым, 13-і білім беру, 3-і абаттандыру, 2-і мәдениет, 3-і спорт, 3-і ауыл шаруашылығы, 1-і әкімшілік ғимарат және 1-і өрт сөндіру депосы. Құрылысы жүріп жатқан 78 көпқабатты тұрғын үйдің 19-ы арендалық болса, 59-ы кредиттік үй. Аталған тұрғын үй құрылысына жалпы саны 2 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған. Құрылыс нысандары мерзімінде пайдалануға берілетін болады.- Нәтижесінде, жыл соңында 1144 отбасы арендалық баспанамен қамтылады, - деп атап өтті құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов. Сонымен қатар, «5-10-20» пилоттық жобасымен және «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан кредиттік үйлердің 51-і пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, мегаполисте 8,5 млрд теңгеге жалпы 7020 орынды 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 4500 орынды білім мекемесі пайдалануға беріледі.Қалған 6-ы келесі жылға өтпелі. Қазіргі таңда 12 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нысандардың құрылысына 358 жұмысшы тартылған.Онлайн мәжілісте қаралған негізгі мәселенің бірі әлеуметтік төлемдер жайы болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 1 сәуірінде №118 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, қосымша тұрақты негізде медициналық-әлеуметтік мекемелерде есепте тұратын мүгедектерді қоспағанда барлық жастағы 1, 2, 3 топтағы мүгедек балаларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыздарға республикалық бюджеттен екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсету қарастырылуда. Сонымен бірге, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 21864 мұқтаж азаматқа 50 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Бүгінгі таңға халықтың осал топтарына жататын азаматтар қатарынан 19766 азаматтың тізімі жасақталуда. Сонымен қатар, «Birgemiz» қоғамдық қорының қаражаты есебінен елдегі төтенше жағдай кезінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын отбасыларға 1 млн бетперде жеткізіліп, таратылуда. Қашықтан өткен мәжілісте Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов шаһарда атқарылып жатқан шаруаларды пысықтап, жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Салалық басқарма басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

            «AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 506 рет